Алматы облысында өртенген күйі табылған полиция қызметкері Аслан Әлсеровке қатысты жаңа деректер әлеуметтік желіде тарады. Марқұмның жақындары оның видеосын жариялап, көпшіліктің қабырғасын қайыстырған оқиғаға байланысты жазба қалдырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін Аслан Әлсеровтің Алматы қаласындағы Әуезов аудандық полиция бөлімінде қызмет еткені хабарланған еді. Қайғылы жағдайға байланысты қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс аясында марқұмның жұбайы, екі ұлы және олардың 14 жастағы досы күдікке ілінген.
Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, оқиға болған күні полиция қызметкері үйіне кеш келген. Кейін үй ішінде жанжал туындап, оның арты төбелеске ұласқан болуы мүмкін. Алдын ала дерек бойынша, жасөспірімдердің бірі ер адамды басынан ауыр затпен ұрған деген болжам қарастырылып жатыр.
Осыдан кейін күдіктілер ес-түссіз жатқан ер адамды көлікке салып, Алматы облысы Кеген ауданы бағытына алып кеткен болуы ықтимал. Тергеу мәліметінше, марқұмның денесі Көкпек – Көктал – Кеген тас жолынан тауға қарай шамамен жарты шақырым жерден табылған.
Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның қарындасы Ақерке Қалиақпарова Instagram парақшасында ағасын жоқтап, жүрек тебірентер жазба жариялады.
"Бәрімізді қорғап жүрген ардақты ағатай... Бұл қаралы хабарды қабылдау өте ауыр болды. Сіздей елге қорған болған, әрдайым халықтың тыныштығы үшін қызмет еткен азаматтың өмірден өтуі жүрекке қатты батты", – деп жазды ол.
Марқұмның қарындасы ағасының елге адал қызмет еткенін айтып, оның жарқын бейнесі жақындарының жүрегінде мәңгі сақталатынын жеткізді.
"Қарындасыңыз ретінде сізге деген құрметім мен алғысым шексіз. Жылы жүзіңіз, қарапайым мінезіңіз, елге деген адал қызметіңіз ешқашан ұмытылмайды. Сіздің жарқын бейнеңіз әрдайым жүрегімізде сақталады. Жаныңыз жәннатта болсын, ағатай. Қош болыңыз, батыр ағатай", – деді Ақерке Қалиақпарова.