"Қойшы бала" лақап атымен танылған жас орындаушы Айдос Кәден өзін продюсер етіп танытқан әнші Жігер Ауыпбаевпен қарым-қатынасы туралы алғаш рет ашық айтты, деп хабарлайды Alash.kz порталы.
Айдостың айтуынша, бұл жағдайдың ушықуына өнердегі адамдар да, жақын туыстары да әсер еткен.
"Негізі кешірмейтіндей, қатігез, біреуге кек сақтап жүретін адам емес. Білемін ғой... Жігерден кетуге азғырғандар болды. Аттарын айтпай-ақ қояйын. Өнердегісі бар, туысқандарым бар. Туысқандарымнан бөлек, ортаға от салғандар көп болды. Мен ондаймен сыналып көрмегенмін, бірінші рет сыналдым, оны жеңіп шыға алмадым. Соған өкінемін", – деді ол Massaget.kz жобасы түсіретін Kezdesu YouTube арнасына берген сұхбатында.
Ал "Қатеңді түсінсең, неге қайта Жігер Ауыпбаевқа бармадың?" деген сұраққа Айдос былай жауап берді:
"Өзіме де ол сұрақты көп қоямын. Не үшін екенін білмеймін. Қазір де ренжулі шығар. Бірақ білмеймін, бара алмаймын. Ниеттенемін, бара алмаймын. Бұл ол кісіні жек көргеннен емес", – деді жас әнші.