Атырау облысында хабар-ошарсыз кеткен отбасыға қатысты іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
25 желтоқсанда Атырау облысы полициясына қала тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, ағасы мен оның отбасы бір айдан астам уақыт бойы байланысқа шықпаған.
Атырау облысы полиция департаменті өкілінің мәліметінше, Қызылқоға ауданына қарасты Жангелді ауылының тұрғындары қараша айында үйлерінен белгісіз бағытқа шығып кеткен және содан бері оралмаған. Олардың жүрген жерін анықтау үшін полиция барлық қажетті жедел-іздестіру шараларын қолға алған. Басқа өңірлердің полиция бөлімшелері де бағдарланған.
Алдын ала деректер бойынша, ерлі-зайыпты және олардың 33 және 35 жастағы екі ересек баласы елдің оңтүстік өңірлеріне қарай бет алуы мүмкін.
Полиция жоғалған адамдар туралы қандай да бір ақпаратқа ие азаматтарды келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласуға шақырады: 98-20-78, 98-20-88, +7 701 304 00 12.
Сонымен қатар Атырау облысының полициясы тұрғындарды жалған ақпарат пен негізсіз қауесет таратпауға үндеді. Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі таңда барлық ықтимал нұсқалар қарастырылып, тергеу жалғасып жатыр.