Атырау облысында із-түзсіз жоғалған отбасыға қатысты резонансты іс бойынша екі адамды өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевтің ағасы бауыры жайлы мәлімет берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Күдіктінің ағасы Думанның айтуынша, ол інісімен 2024 жылдан бері тығыз араласпаған. Ал Сұлтанды соңғы рет 2025 жылдың жаз айларында көргенін жеткізді.
“Інім момын, өзімен-өзі жүретін, көп адаммен араласпайтын адам еді. Отбасыда төрт ағайындымыз. Інім әйелімен және 5 баласымен ата-анамыздың қолында тұратын. Анамның айтуынша, інім желтоқсанның басында келінді емдетемін деп кеткен. Өзбекстанда, Ташкентте емдетемін деп айтқан екен. Басқа ештеңе білмеймін. Мен бөлек тұрамын”, – дейді Думан есімді ер адам.
Сондай-ақ оның айтуынша, келіні босану кезінде ауыр халге түсіп, 21 күн бойы комада жатқан. Кейін есін жиғанымен, денсаулығы толық қалпына келмей, сырқаттанып жүрген.
Күдіктінің ағасы інісінің жоғалып кеткенін ел ішінде шу шыққаннан кейін ғана білгенін айтады. Қазіргі таңда Сұлтан Сәрсемәлиевтің бес баласы әжесінің қамқорлығында екен.
“Мен де барлығымен бірге білдім. Қазір 5 баласы анамның қарауында. Келін науқастанғалы балаларға қарауға шамалары келмей қалды. Содан бері балаларға анамыз қарап отыр”, – дейді ер адам.
Думан інісінің нақты қайда жүргенінен бейхабар екенін, тек әлеуметтік желілерде тарап жатқан түрлі мәліметтерден ғана хабардар екенін жеткізді.
“Қайда екенін мен де білмеймін. Желіде айтылып жатыр ғой, хакер айтқан деген ақпараттар, мүмкін солар айтқан жақта шығар, бірақ мен білмеймін. Бұрын-соңды бұлай жоғалып кету жағдайы болмаған. Ата-енесімен қандай қарым-қатынаста екендерін де білмеймін”, – дейді күдіктінің ағасы.