Ербаян Мұхтармен қоштасу рәсімі Астанада өтеді – БАҚ
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"Өңірлерді дамытудың жаңа тәсілдері": мұнайлы аймаққа қандай міндет жүктелді?

"Өңірлерді дамытудың жаңа тәсілдері": мұнайлы аймаққа қандай міндет жүктелді?
Фото: atr.kz

Осыдан біраз уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Ұлытау облыстарының әкімдерімен телефон арқылы сөйлесіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарларын тыңдаған еді.

Президент сол кезде әкімдерге өңірлік экономиканы дамытудың жаңа тәсілдерін енгізу қажеттігін атап өтіп, аймақтардың экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған нақты шараларды күшейтуді және халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерді жедел шешуді тапсырған болатын.

Осы жерде Президент айтқан "өңірлерді дамытудың жаңа тәсілдері" деген сөзге қоғам назары ауғанын айтуымыз керек. Пікірлер арасында аталған аймақ басшыларының жұмысы көңіл көншітерліктей емес, сол себепті Тоқаев оларға соңғы ескерту жасады деген пайым басым екенін жасырмауымыз керек.

Дегенмен, Президенттің бұл сөзінен еліміздің өңірлік басқару саясаты жаңа кезеңге қадам басқанын көруге болады. Яғни, Мемлекет басшысының аймақ әкімдерімен тұрақты форматтағы кері байланысы өңірлердің тек есеп беру деңгейінде емес, нақты нәтиже үшін жауап беретін жүйеге өтіп жатқанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, "өңірлерді дамытудың жаңа тәсілдері" ұғымы күн тәртібіндегі негізгі экономикалық тақырыптардың біріне айналды.

Ашығын айтқанда, қазір өңірлердің даму деңгейі біркелкі емес. Дерекке қарасақ, облыстардың экономикалық құрылымында үш негізгі үрдіс байқалады. Бірінші топқа шикізатқа тәуелді жоғары табысты аймақтар, екінші тарапқа өтпелі индустриялық өңірлер және үшінші бөлікте жаңадан қалыптасып жатқан әкімшілік-экономикалық аумақтар кіреді. Статистикалық және салалық деректерге сүйенсек, айырмашылық бірнеше негізгі параметрде көрінеді. Атап айтқанда, жекелеген өңірлерде республикалық трансферттердің үлесі 50–70 пайыз аралығында сақталып отыр. Ал инвестицияның басым бөлігі ірі шикізаттық аймақтарға шоғырланған. Ішкі өнеркәсіп құрылымында өңдеуші сектордың үлесі әлі де 20–30 пайыз деңгейінде қалып отыр. Бұл аймақтық дербестіктің шектеулі екенін көрсетеді.

Президент мысалындағы төрт облысты біріктіретін ортақ ұқсастық та осы критерийге саяды. Деректерге қарасақ, Атырау мен Маңғыстау облыстарының шикізаттық модельге тәуелді екенін, Жамбыл облысының өтпелі индустриялық кезеңде тұрғанын және Ұлытау облысының жаңа қалыптасып жатқан экономика құраушы екенін көреміз.

Енді Президентке есеп берген өңірлердегі жағдайға ойысайық. Біз әуелгі сөзді Атырау облысынан бастауды жөн көрдік. Өйткені, мұнайлы аймақ ел экономикасының негізгі донорларының бірі болып отыр. Әлбетте, жоғарғы табыстылыққа қарамастан мұнайлы өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің құрылымы толықтай дерлік мұнай-газ секторына негізделген.

Статистикадағы нақты жағдайға қарасақ, аймақ экономикасындағы мұнай-газ секторының үлесі шамамен 80 пайыз болса, өңдеу өнеркәсібі небәрі 5–7 пайыз деңгейінде ғана екен. Ал өңірдегі орташа жалақы республикалық орташа деңгейден 1,5–2 есе жоғары болып отыр. Бұдан облыстағы жоғары табысқа қарамастан, экономиканың әр тараптанбағанын көреміз.

Цифрларды сөйлетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, осы жылдың 1-тоқсанында Атырау облысындағы өнеркәсіп көлемі 4,4 трлн теңгеге жеткен. Бұл жалпы құрылым бойынша үлестің 5 - 7 пайызына шаққандағы көрсеткіш. Ал мұнай-газ секторының үлесі 80 пайызға жеткенін жоғарыда айттық. Осы кезеңде рташа жалақы 652 950 теңге шамасында болған. Аймақтағы ресми жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрапты. Айтпақшы, жылдың бірінші тоқсанында облысқа құйылған инвестиция көлемі 400 млрд теңге шамасында болыпты.

Жалпы, Атырау облысының толыққанды даму картинасын құрау үшін кейінгі кезеңдегі есептерді де еске алған дұрыс. Мысалы, сәйкес кезеңде өңірдің жалпы өңірлік өнімі 6,7 триллион теңгеден асады дейді. Облыста өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 9,1 триллион теңгеге жетсе, оның 8,4 триллион теңгесі тау-кен өнеркәсібінің үлесіне тиесілі. Өңдеу өнеркәсібі де қарқын алып, өнім көлемі 563,8 миллиард теңгені құраған.

Мұнайлы өңірдегі басты көрсеткіштердің бірі көмірсутек өндірісі екені белгілі. Соңғы есепті кезеңде облыста 43,9 миллион тонна мұнай және 22,7 миллиард текше метр ілеспе газ өндірілген. Бұл республикадағы мұнай-газ өндірісінің басым бөлігін қамтамасыз етеді.

Атырау инвестиция тарту жағынан да көш басындағы аймақтардың қатарында тұр екен. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2 триллион теңгеге жуықтаған. Тікелей шетелдік инвестиция көлемі де 3,5 миллиард АҚШ долларынан асты. Қазіргі кезде өңірде жалпы құны 10,7 миллиард доллар болатын мұнай-газ және мұнай-химия саласындағы ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Сонымен қатар құны 104 миллиард теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асуда. Бұл жобалар нәтижесінде 1320 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Ал соңғы жылдары инвестициялық жобалардың арқасында өңірде ондаған мың жаңа жұмыс орны құрылған.

Атыраудың еліміз үшін стратегиялық маңызы бюджетке түсетін қаржы көлемінен де байқалады. Соңғы мәліметтер бойынша мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қорға түскен түсім көлемі 4,8 триллион теңгеге жеткен. Оның 2,3 триллион теңгесі республикалық және жергілікті бюджеттерге түссе, 2,5 триллион теңге Ұлттық қорға аударылған.

Дегенмен Президент тапсырмаларынан Ақорданың экономикалық көрсеткіштерден бөлек, халықтың өмір сапасына басымдық беріп отырғаны анық байқалады. 

Жоғарыда айтқан телефон арқылы тілдесуде Президент Тоқаев облыс әкімі Серік Шәпкеновке балаларға арналған әлеуметтік нысандардың, оңалту орталықтарының, мектептер мен медициналық мекемелердің құрылысын жеделдетуді тапсырды. Сонымен бірге азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру, қоғамдық мәселелерді дер кезінде шешу қажеттігін атап өтті.

Айтпақшы, экология мәселелері де өңір үшін өзекті күйінде қалып отыр. Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі, Жайық өзенінің жағдайы және өндірістік жүктеменің артуы жергілікті биліктен ерекше жауапкершілік талап етеді. Сондықтан Президент экологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.

Әлбетте, осы міндетті мүлтіксіз атқаруға Шәпкеновтың шамасы жете ме, әңгіме сонда...

Тоқетерін айтқанда, Мемлекет басшысының "өңірлерді дамытудың жаңа тәсілдері қажет" деген ескертуі әкімдер жұмысына қойылатын талаптың күшейгенін білдіреді. Бұдан былай өндірілген мұнай көлемі немесе тартылған инвестиция мөлшері ғана емес, сол байлықтың халықтың тұрмыс сапасына қаншалықты әсер еткені басты өлшемге айналмақ.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.