Жұбайының төрт туысын өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиевтің бес кәмелетке толмаған баласының қазіргі жағдайы белгілі болды. Балалардың төртеуі Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында, ал кенжесі сәбилер үйінде тұрып жатыр, деп жазады Tengrinews.kz.
Дерек бойынша, балалардың жасы – 10, 8, 5, 3 және 1 жас 6 ай.
Бұған дейін Атырау облысының әкімдігі сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралмайтынын хабарлаған. Түпкілікті шешім қабылданып, ықтимал қамқоршылардан ресми өтініш түскенше балалар мемлекеттік мекемелерде болады.
Әкімдік мәліметінше, балалар тәулік бойы күтіммен, тамақпен, киім-кешекпен және қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етілген. Олар тұрақты медициналық тексеруден өтіп, психолог мамандармен жеке және топтық жұмыс жүргізіледі.
"Балалардың жағдайы жақсы"
Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Құндыз Гиниятованың айтуынша, төрт бала орталыққа ақпан айында жеткізілген.
"Балалардың жағдайы жақсы. Денсаулықтарына қатысты шағым жоқ. Олар толық медициналық тексеруден өтті, бәрінің дені сау деген қорытынды бар", – деді орталық басшысы.
Балалармен бейімдеу орталығының психологтары және облыстық Психологиялық қолдау орталығының мамандары жұмыс істеп жатыр.
Құндыз Гиниятова балалардың туыстарымен байланысы үзілмегенін де айтты. Әкесі жағынан атасы мен әжесі арнайы кесте бойынша аптасына бір рет келіп тұрады. Анасы жағынан туыстары да бірнеше рет балалардың жағдайын білуге барған.
Балалардың алдағы тағдыры қалай шешіледі?
Орталық тәрбиеленушілерді бірнеше ықтимал жағдайға дайындап жатыр. Олар туыстарының қамқорлығына берілуі немесе "Шаңырақ" отбасы үлгісіндегі балалар ауылына орналастырылуы мүмкін. Егер балалар мемлекет қамқорлығында қалатын болса, әкесіне қатысты үкім заңды күшіне енгеннен кейін олар балалар ауылына ауыстырылуы ықтимал.
Орталық директорының сөзінше, құзырлы органдар Ақбаян Мұқанғалиеваны ата-ана құқығынан айырмаса, ол денсаулығы түзеліп, әрекетке қабілетті деп танылған жағдайда балаларын қайтарып ала алады. Балалардың ресми мәртебесі анықталғанға дейін олар қазіргі мемлекеттік мекемелерде қала береді.
9 шілдедегі жағдай бойынша, туыстарының ешқайсысы балаларды қамқорлығына алу туралы ресми өтініш бермеген.
Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты істер тоқтатылған
14 шілдеде Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сұлтан Сәрсемәлиевті жұбайының төрт туысын ерекше қатігездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Тергеу дерегінше, ол төрт адамға жалпы саны 60-қа жуық пышақ жарақатын салған.
Ал Ақбаян Мұқанғалиеваның туыстарының өліміне қатысы бары дәлелденбегендіктен, адам өлтіру дерегі бойынша оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Кейін әйелге қатысты Қылмыстық кодекстің "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша бөлінген жеке іс те тоқтатылған.
Ақбаян Мұқанғалиева 10 сәуірден бері Алматыдағы Сот сараптамасы институтында жатыр. Мамандар оның жағдайына динамикалық бақылау мен қосымша диагностика қажет екенін айтқан.