KZNews.kz
Жаңалықтар

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа Астанадан 3 бөлмелі пәтер табысталды

Қайсар Қанат
stan.kz

Миланда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоров елге оралып, құрметке бөленді. Бұл туралы Stan.kz хабарлады.

Чемпионға Астана қаласынан үш бөлмелі пәтердің кілті сыйға берілді. Сонымен қатар, мәнерлеп сырғанаудан қыздар арасында ел намысын қорғаған Софья Самоделкина бір бөлмелі пәтер сертификатымен марапатталды. Айта кетейік, Самоделкина Олимпиада қорытындысы бойынша үздік он спортшының қатарына енген.

Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Әсем Қасенова да назардан тыс қалмай, оған да бір бөлмелі пәтер табысталды. Бұл марапаттарды Қазақстан мәнерлеп сырғанау одағы ұсынды.

Салтанатты сәттен кейін Михаил Шайдоров қолдау білдірген барша жанкүйерлерге алғыс айтты.

"Мені қолдаған баршаңызға рақмет! Осындай сыйлықтар үшін шексіз ризамын. Бұл – мен үшін алға жылжуға және еліміздің абыройын арттыруға үлкен мотивация", – деді Олимпиада чемпионы.

Еске сала кетейік, Шайдоров Милан Олимпиадасында қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша бесінші орын алған. Алайда еркін бағдарламада тамаша өнер көрсетіп, алтын медаль иеленді.

Бұл – Қазақстан құрамасы үшін қысқы Олимпиада ойындарында 32 жылдан кейінгі тарихи алтын жүлде. Бұған дейін елімізге қысқы Олимпиададан алтын медальды 1994 жылы Владимир Смирнов алып келген еді.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →