Жаңалықтар

"Ол жүкті болуы мүмкін": Марқұм Айзат Жұманованың туыстары ел естімеген деректі айтты

"Ол жүкті болуы мүмкін": Марқұм Айзат Жұманованың туыстары ел естімеген деректі айтты
stan.kz коллажы

32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот процесі Талдықорғанда басталды. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

27 қараша күні алдын ала тыңдалым өтті. Тергеу мәліметінше, Айзат күйеуінің қызғанышынан азапталып өлтірілген.

Марқұмның отбасы атынан сөз алған адвокат Гүлсана Келмешева істің бастапқыда ҚК-нің 106-бабы ("Абайсызда зиян келтіру салдарынан өлім") бойынша қаралуы дұрыс емес екенін айтты. Жәбірленуші тарап Алматыда тәуелсіз сарапшылар жүргізген қайта сараптама нәтижесін ұсынған. Жарақаттардың өте ауыр екені дәлелденген соң, іс ҚК-нің 99-бабы ("Қасақана кісі өлтіру") бойынша қайта сараланды. Тергеу барысында мәйіт те эксгумацияланған.

Айзаттың туыстары оның 33 жасқа толуына небары бір ай қалғанда қаза тапқанын айтады. Артында екі жасар қызы қалды. Ал айыпталушы – 1992 жылы туған Айбар Жанболат.

Марқұмның тәтесі Раушан Дәуренбекованың сөзінше, оқиға мас күйде жасалған болуы мүмкін.

"Қазір бәрін қызғанышпен байланыстырғысы келеді. Бірақ әр еркек әйелін қызғаныштан өлтірсе, Қазақстанда бірде-бір әйел қалмас еді. Телефон бәрінде бар – құрбыларымен, туыстарымен сөйлеседі. Бұл – өмірдің қалыпты бөлігі", – деді ол.

Раушанның айтуынша, қызғануға негіз де болмаған.

"Олар шағын ауылда тұрды. Әңгімелесетін, араласатын адам да көп емес. Үлкен қалада болса, қандай да бір күдік тууы мүмкін, ал ауылда қызғаныштың өзі қисынсыз", – дейді марқұмның жақыны.

Айзат бұрын күйеуінің қол көтеретінін құрбыларына айтқанымен, ресми шағымданбаған. Ең ауыр жайт – оқиға кішкентай қызының көз алдында болғаны. Туыстары Айзаттың жүкті болуы мүмкін екенін де айтты.

"Қайғылы оқиға 22-сі болды. Ал 17-сінде ол құрбысына хабарласып, жақсы жаңалық барын айтқан. Әйел адамда қандай жақсы жаңалық болуы мүмкін? Мүмкін, жүкті болған шығар, бірақ мерзімі аз болған сияқты", – дейді Раушан.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz