Талдықорғанда өтіп жатқан сот отырысында әйелі Айзат Жұманованы өлтірді деп айыпталған Айбар Жанболаттан жауап алынды. Сотталушы әйеліне қол көтергенін мойындап, жасаған ісі үшін жаза тартуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Айыпталушының сөзінше, қайғылы жағдай қызғаныштан туған жанжал салдарынан болған. Ол сол күні 5–6 бөтелке сыра ішіп, үйіне мас күйде келгенін, соның салдарынан ерлі-зайыптылар арасында ұрыс шығып, арты төбелеске ұласқанын айтты.
Физикалық тұрғыда әйелінен басым болған ер адам үй ауласында жұдырығымен Айзаттың кеуде тұсынан соққы жасап, бірнеше рет алақанымен ұрған. Оның айтуынша, әйелін үйге кіргізіп бара жатқанда екеуі табалдырықтан сүрініп, бірге құлаған.
"Үйде мен оны ваннаға апардым, ол өзі жуынып, өзін ретке келтірді. Кейін жағдайы қатты нашарлап кетті, мен оған ашық түсті трико кигізіп, ауруханаға апаруды ұйғардым. Жедел жәрдемнің келуі көп уақыт алатын болғандықтан көрші Нұрсұлтаннан көмек сұрадым. Баласаз ауылымыз тауда орналасқан, аудан орталығынан бізге жету бір сағаттан да көп уақыт алады", – деді айыпталушы сотта.
Оның айтуынша, көршісімен бірге Айзат Жұманованы жолай жатқан Суықсай ауылына жеткізіп, ата-анасынан жол талғамайтын көлік алып, әрі қарай аудан орталығы – Жансүгіров ауылына барған. Алайда аудандық аурухана жөндеуде болғандықтан, әйелді Талдықорған қаласындағы ауруханалардың біріне апарған. Қала шамамен 100 шақырым қашықтықта орналасқан.
Айбар Жанболат сотта әйелін өлтіру ниеті болмағанын, болған жағдайдың барлығы қызғаныштан туындағанын айтты.
"Бұрын да арамызда кикілжің болған, бірақ қол көтеруге дейін барған емес. Мен оған күйеулерінен ажырасып, ішімдік ішетін құрбыларымен араласуға тыйым салдым. Олардың ықпалы маған ұнамайтын, мұны талай айттым. Мен оны жақсы көрдім, бірақ бұл жолы өзімді ұстай алмадым", – деді сотталушы.
Прокурор мен жәбірленуші тараптың сұрақтарына жауап берген сотталушы қасақана адам өлтіру ниеті болмағанын тағы да қайталады.
"Мен оны ұрғанымды мойындаймын және жаза тартуға дайынмын. Ал оны далада атқа байлап сүйреді немесе көлікпен сүйреді дегендердің бәрі өтірік", – деді ол.
Еске сала кетейік, 19 желтоқсанда сот отырысында Айзат Жұманованың ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген сәті бейнеленген бейнебақылау жазбасы көрсетілген. Кадрларда әйелдің ауруханаға кресломен кіргізілгені анық көрінеді.