Жағдайы ауыр: Солтүстік Кипрде қазақ қызына қастандық жасалды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Оян, отандық өндіруші: Үкіметтің үміті мен сенімі ақтала ма?

Оян, отандық өндіруші: Үкіметтің үміті мен сенімі ақтала ма?
Фото: allart.kz

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ұлттық және инфрақұрылымдық жобаларды дамыту аясында қазақстандық кәсіпорындарға басымдық берілетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар сауда желілеріне отандық өнімге кеңірек жол ашу және "Қазақстанда жасалған" брендін ақпараттық тұрғыдан қорғау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Бұл уақыт талабынан туған шешім екені даусыз. Бірақ, мәселенің екінші жағы да бар. Қазақстан экономикасында ішкі нарықтың едәуір бөлігін әлі күнге дейін импорттық өнім иеленіп отыр. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы елдің сыртқы сауда айналымы 140 млрд АҚШ долларынан асты. Оның ішінде импорт көлемі 60 млрд доллардан жоғары болды. Бұл халық тұтынатын көптеген тауарлардың әлі де сырттан келетінін көрсетеді.

Әсіресе, жеңіл өнеркәсіп саласында импорттың үлесі өте жоғары. Сарапшылардың бағалауынша, киім-кешек пен аяқ киім нарығының 80–90 пайызы импорт есебінен қалыптасады. Тұрмыстық химия, балалар ойыншықтары, тұрмыстық техника сияқты сегменттерде де жағдай осыған ұқсас. Демек, Үкіметтің дәл осы салаларды ерекше атауы кездейсоқ емес.

Екінші мәселе, мемлекеттік қаржының экономикадағы қайтарымы туралы болмақ. Биыл республикалық бюджет шығыстары шамамен 30 триллион теңгеден асады. Бұған қоса, ұлттық және инфрақұрылымдық жобаларға жыл сайын триллиондаған теңге бөлінеді. Егер осы қаражатқа қажетті материалдар мен жабдықтардың негізгі бөлігі шетелден сатып алынса, мемлекеттік инвестицияның едәуір бөлігі қайтадан сыртқы экономикаға жұмыс істейді. Ал сол қаржы қазақстандық кәсіпорындарға бағытталса, ол өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашып, салық түсімдерін көбейтіп, экономиканың басқа салаларына да мультипликативтік әсер береді.

Мұнан бөлек, Премьер-министр көтерген сауда желілерінің мәселесі де аса өзекті. Отандық өндірушілер көп жағдайда өнім сапасы үшін емес, сауда сөресіне шығу мүмкіндігі үшін күресуге мәжбүр. Ірі сауда желілеріндегі жоғары жалдау ақысы, маркетингтік төлемдер, түрлі бонустар мен логистикалық талаптар шағын және орта кәсіпорындардың мүмкіндігін шектейді. Соның салдарынан тұтынушы көбіне импорттық өнімді ғана көреді.

Алайда, мұнда бір маңызды қағида сақталуға тиіс. Отандық өнімге басымдық беру нарықтағы бәсекелестікті әлсіретпеуі керек. Егер кәсіпорын мемлекеттік қолдауға ғана сүйеніп, өнім сапасын жақсартуға ұмтылмаса, мұндай саясаттың ұзақ мерзімді нәтижесі болмайды. Бәсекеге қабілеттілік ең алдымен сапа, технология, өнімділік және баға арқылы қалыптасады.

Үкімет көтерген тағы бір мәселе, қазақстандық өнімдерге қарсы ақпараттық шабуылдар туралы болды. Бұл қазіргі замандағы экономикалық бәсекенің жаңа формасы. Дегенмен кез келген теріс пікірді "ақпараттық шабуыл" деп қабылдау да дұрыс емес. Егер өнімге қатысты нақты сапа мәселесі болса, оған өндіруші ашық жауап беріп, кемшілігін жоюы тиіс. Ал негізсіз қаралау әрекеттеріне құқықтық және ақпараттық құралдармен қарсы тұру қажет. Бұл жерде басты қорғаныс тұтынушының сенімі екенін естен шықпауға тиіс.

Жалпы, бүгінде өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі әлі де тау-кен секторынан төмен. Сондықтан Президент пен Үкімет айтып отырған өндірісті әртараптандыру саясаты нақты кәсіпорындардың дамуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне және экспортқа бағдарланған өнім шығаруға ұласқанда ғана тиімді болады.

Қорыта айтқанда, Үкіметтің отандық өндірушілерге басымдық беру жөніндегі ұстанымы экономикалық тұрғыдан орынды. Бірақ, оның нәтижесі әкімшілік тапсырмалармен емес, нақты көрсеткіштермен бағалануы тиіс. Бір жылдан кейін ішкі нарықтағы қазақстандық өнімнің үлесі қанша пайызға артты? Сауда желілерінде отандық тауарлардың сөре үлесі өсті ме? Экспорт көлемі қаншаға көбейді? Жаңа өндірістер мен жұмыс орындары қанша ашылды? Осындай нақты индикаторлар ғана бүгінгі мәлімдеменің шынайы тиімділігін көрсетеді.

 Тоқетері, экономикада басты өлшем айтылған сөз емес, алынған нәтиже екені анық. Сондықтан бүгінгі бастама нақты реформаларға ұласса ғана "Қазақстанда жасалған" белгісі тұтынушы үшін сенімнің және сапаның символына айналады.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.