KZNews.kz
Шоу-бизнес

“Нұрқаділовке тиіп көп тойға бара алмай қалды”: Қалдыбек Құрманәлі Мақпал Жүнісова туралы күтпеген шындықты айтты

Ayzhan Sylanova

Танымал композитор Қалдыбек Құрманәлі әнші Мақпал Жүнісова туралы өз ойын білдіріп, оның өнердегі орнына жоғары баға берді, деп хабарлайды kznews.kz.

Композитордың айтуынша, Мақпал Жүнісова – сирек кездесетін, табиғаттың өзі сыйлаған ерекше дауыс иесі. Оның пікірінше, әнші Заманбек Нұрқаділовпен отбасын құрмаған жағдайда да, өнер жолында биік белестерді бағындырып, кәсіби тұрғыда үлкен жетістіктерге жетер еді. Тіпті мемлекеттік марапаттарға ие болып, елдегі ең табысты әншілердің қатарына қосылуы да әбден мүмкін болған.

Қалдыбек Құрманәлі Мақпал Жүнісованың тұрмысқа шығуына байланысты сахнадан белгілі бір деңгейде шет қалғанын да атап өтті.

«Заманбек Нұрқаділовке тұрмысқа шыққан соң Мақпал көптеген тойлар мен концерттерге қатыса алмады. Кейбіреулер “Халық әртісі” атағын күйеуінің арқасында алды деп ойлайды, бұл – қате пікір. Мақпалдай әнші өте сирек. Ол ән салғанда керең де еститіндей, мылқау да түсінетіндей әсер қалдырады. Мұндай әнші ғасырда бір-ақ рет туады», – деді композитор.

Сондай-ақ ол болашақта Заманбек Нұрқаділов пен Мақпал Жүнісованың махаббаты жайлы поэмалар жазылып, көркем фильмдер түсірілуі мүмкін екенін де тілге тиек етті.

Бұл пікірге Мақпал Жүнісова да жауап берді. Әнші композитордың сөзін жоғары бағалап, өзіне қатысты айтылып жүрген алып-қашпа әңгімелерге тоқталды.

«Қалдыбек өте орынды нүкте қойыпсыз. Әлі күнге дейін түрлі әңгімелермен жеке хабарлама жазатындар бар, бірақ ондай сөздерге жауап бергім келмейді. Бір ғана шындықты айтайын: маған “Халық әртісі” атағы берілгенде жолдасым қатты қуанған жоқ. Бірақ кейін “әншілігіңді мойындадым” деп айтқан сөзі мен үшін үлкен баға болды», – деп жазды Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары