Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов театр және кино актрисасы Гүлжамал Қазақбаеваны Халық әртісі атағын алуымен құттықтап, жүрекжарды тілегін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер майталманы құттықтау сөзінде актрисаның қазақ театр және кино өнеріне қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ол Гүлжамал Қазақбаеваның шығармашылық жолында аянбай еңбек етіп, өнердің биік шыңына адал еңбегімен жеткенін айтты.
"Халық әртісі атағың қайырлы, құтты болғай, қарындасым! "Бұтақ иілсе, әлсіз екен деме, жемісінің көптігінен иіледі. Адам иілсе, маған мұқтаж екен деме, тек сені құрметтегендіктен иіледі", – деген екен Мөңке би бабамыз… Өнердегі 70 жылымда менің амандығымды, ел-жұрт алдындағы абыройымды Алладан жүрекпен тілеген бір жан болса, ол – театр және кино актрисасы Гүлжамал Қазақбаева, дер едім… Кино әлеміне де, мәртебелі театр өнеріне де аяусыз тер төгіп келе жатқан аяулы жанды төбеме көтеріп қалай мақтасам да, қалай мақтансам да қақым бар…
Әділдік салтанат құрып, Халық әртісі атағын алғаныңа шын қуандым, қалқам. Табан ақы, маңдай теріңмен, адал еңбегіңмен өнердің өрін бағындырғаныңа жан-жүрегіммен қуандым, қарғам… Мемлекеттік ең жоғарғы марапатың қайырлы, құтты болсын, қарындасым! Сен 25 жасыңда жан жарыңнан айырылып, ұрпағыңа жетімдік көрсетпей жетілдірдің, жарығым. Көз жасың аз төгілген жоқ. Сол кезде қамқорлық көрсете алмағаныма қабырғам қайысады", – деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов.
Әнші актрисамен туған жері Жетісу өңірі арқылы байланысы бар екенін де айтып, олардың бала кезден таныс екенін жеткізді. Сонымен қатар ол Гүлжамал Қазақбаеваның өмірінде қиын кезеңдер болғанын, соған қарамастан өнерден қол үзбей, адал еңбек етіп келгенін атап өтті.