Шымкентте студент Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты қоғамда кең резонанс тудырған қылмыстан кейін қала полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков қызметінен босатылды. Бұл туралы Arasha.kz хабарлады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, ведомствоның Ішкі қауіпсіздік департаменті марқұмның туыстарының арызы Қаратау аудандық полиция басқармасы қызметкерлері тарапынан тиісті деңгейде қаралмауы мүмкін деген дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Қылмыстық іс аясында барлық мән-жай жан-жақты тексеріліп, полиция қызметкерлерінің қаншалықты жедел әрі толық әрекет еткеніне баға берілмек. Тергеу нәтижесі бойынша жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне құқықтық тұрғыда шешім қабылданады.
ІІМ хабарлауынша, қоғамдық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылған. Сонымен қатар бірқатар лауазымды қызметкерлер ішкі істер органдарынан шығарылған.
Министрлік заң бұзушылықтарға, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен қатыгездікке қатысты кез келген жағдайға қатаң әрі принципті ұстанымда екенін атап өтті. Тергеудің әділ әрі объективті өтуін қамтамасыз ету мақсатында тәжірибелі қызметкерлерден құралған арнайы жедел-тергеу тобы құрылғаны да мәлімделді.