Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот үкімі шықты. Сот Шерхан Аймаханды кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы соттан Аймаханды тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді.
Нұрайды өлтірмес бұрын аңдыған
Сот отырыстарының бірінде Нұрайға жасалған шабуылдың видеосы көрсетілді. Медициналық сарапшы қыздың денесінен 35 жарақат анықталғанын айтты. Сараптама бойынша, жарақаттардың барлығы Нұрайдың тірі кезінде салынған, ал кейбірінің тереңдігі 7-8 сантиметрге дейін жеткен.
Аймахан Нұрайдың өліміне себеп болған әрекетін мойындағанымен, оқиға кезінде аффект жағдайында болғанын алға тартты. Бұған дейін ол Нұрайдың бірінші болып өзіне пышақ салғанын да мәлімдеген.
Тергеу нұсқасы бойынша, Аймахан Нұрайды қаза болғанға дейін аңдыған. Ол қызды алып кетіп, өзіне тұрмысқа шығуға мәжбүрлемек болды деген айып тағылған.
Туыстарының араласуынан кейін жоспарланған үйлену тойы өтпеген. Алайда тергеу дерегіне сәйкес, осыдан кейін де Аймахан Нұрайды аңдуын жалғастырған. Мысалы, бір күні ол қызға 76 рет телефон соққан.
Нұрайдың отбасы сотталушыдан 10 млрд теңге моральдық және 14 млн теңге материалдық шығын өндіруді талап еткен.
Сот Аймаханға ең қатаң жаза — өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.