Спорт

Назым Қызайбай: «Маған ешкім сенбеді, бірақ мен өзіме сендім»

Torgyn Abushakhman Torgyn Abushakhman
Назым Қызайбай: «Маған ешкім сенбеді, бірақ мен өзіме сендім»

Олимпиада ойындарының жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай жанкүйерлеріне әсерлі әрі жүрекжарды жазба арнады, деп хабарлайды kznews.kz.

Даңқты боксшы 2024 жылғы Париж Олимпиадасында жеңіп алған жүлденің оңай келмегенін айтып, сол жолда көптеген сынақ пен кедергіден өткенін жеткізді. Оның айтуынша, спорттық мансабының белгілі бір кезеңінде өзіне күмәнмен қарап, «жасың өтіп кетті» деп сенбегендер де болған.

«Бүгін бір сәтке өткенге оралдым… Олимпиададағы сол күн, сол сезім, сол эмоциялар. Бұл сурет жай ғана жүлде емес. Бұл – сенімсіздікке, сөздерге, күмәнге берілмей өткен жолдың дәлелі. Лицензиялық турнирге дейін көп адам “жасың өтіп кетті” деді. Бірақ менің арманым үшін қанша еңбек етіп жүргенімді ешкім білмейді», – деп жазды спортшы.

Назым Қызайбай өзіне сенбегендердің «лицензия ала алмайды», «алса да алғашқы жекпе-жекте жеңіледі» деген сөздеріне нәтижемен жауап бергенін атап өтті.

Сондай-ақ боксшы ару өз жазбасында өзгелердің пікіріне тәуелді болмай, арман мен мақсаттан бас тартпауға шақырды.

«Мен ешкімге ештеңе дәлелдеуге міндетті емеспін. Көп адам сенбеді, бірақ мен өзіме сендім. Айналадағы сөз маңызды емес. Жүрегіңді тыңда. Сынаса да, төмендетсе де өз жолыңнан тайма. Сен. Еңбек ет. Сабыр сақта. Нәтиже өзі сөйлейді», – деді ол.

Айта кетейік, Назым Қызайбай – Қазақстан бокс тарихындағы тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы. Ол 2024 жылғы Париж Олимпиадасының жүлдегері атанды. Сондай-ақ жуырда Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында финалға жолдама алып, ақтық сында үндістандық Минакши спортшымен жұдырықтасты. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер шешімімен қарсыласы жеңіске жетіп, Назым Қызайбай күміс жүлдегер атанды. Осылайша оның қоржынында әлем чемпионаттарының барлық жүлде жиынтығы бар.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz