Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында отандық дәрі өндірушілерге үндеу жасады, деп хабарлайды kznews.kz.
Олжас Бектенов фармацевтикалық нарықта тәртіп орнату керектігін сөз етіп, отандық фармацевтика саласына қаржы тартуды ынталандыру мақсатында инвестициялар туралы келісімдер жасалып жатқанын атап өтті.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндіру бойынша 9 инвестициялық жоба қолға алынды. Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, үш ай ішінде барлық ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап, инвесторлармен келісімдердің жасалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
«Дәрі-дәрмекке баға белгілеудің жаңа цифрлық жүйесі фармацевтикалық нарықтағы барлық қатысушылар үшін бірыңғай ережелерді бекітті. Биыл препараттарға бағаны төмендетудің арқасында мемлекет дәрілерді сатып алуда 36 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеді. Бұл қаражат халықты қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталады. Сатып алу бағаларының төмендеуі өндірушілер мен жеткізушілерге ұнай бермейтіні түсінікті. Бірақ біз азаматтарымыздың мүдделерін басшылыққа алуымыз керек. Дәрілер әділ бағамен сатып алынады.Отандық фармацевтикалық өндірушілерге айтарым, біз Сіздерді әрі қарай да қолдаймыз. Оған ешқандай күмән болмасын. Бірақ мемлекеттік қолдау шаралары сапалы медициналық өнімді жеткізетін және бағаны жасанды түрде өсірмейтін нарықтың адал қатысушыларына ғана көрсетіледі», - деп атап өтті Премьер-министр.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде бірқатар дәрі-дәрмектің бағасы 50%-дан 300%-ға дейін төмендегенін мәлімдеген еді.