Қаржы

Министр дәрі-дәрмек құны 50-ден 300 пайызға дейін төмендегенін айтты: баға арзандағаны рас па?

Министр дәрі-дәрмек құны 50-ден 300 пайызға дейін төмендегенін айтты: баға арзандағаны рас па?
Фото: ДСМ

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде бірқатар дәрі-дәрмектің бағасы 50%-дан 300%-ға дейін төмендегенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Министрдің айтуынша, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы реформа аясында баға белгілеудің жаңа жүйесі іске қосылған.

«Өндіруші бағасын тіркеудің бірыңғай механизмін енгізу, маркетингтік және тасымалдау үстемелерін алып тастау, генериктердің құнын 30%-ға төмендету, сондай-ақ халықаралық референттік бағалау әдісі шекті бағаларды әділ орнатуға және негізсіз қымбаттатуға жол бермеуге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде 2026 жылға арналған сатып алуларда 2025 жылмен салыстырғанда көптеген препараттардың құны 50%-дан 300%-ға дейін төмендеп, жалпы 36 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді», - деді министр Үкімет отырысында.

Әлназарова иматиниб  9 450 теңгеден 2 348 теңгеге дейін, бевацизумаб 360 000 теңгеден 77 000 теңгеге дейін арзандағанын айтты.

"Сонымен қатар дәрі-дәрмектер өзге де профильдер бойынша айтарлықтай арзандады. Осылайша, антибиотик Цефепим бойынша бюджетті үнемдеу 174 млн теңгені (-40%), ал иммунобиологиялық препарат Экулизумаб бойынша – 424 млн теңгені (-18%) құрады. Ең жоғары бюджеттік тиімділікті қамтамасыз ететін ТОП-10 препаратқа Бевацизумаб, Иматиниб, Сорафениб және Сунитиниб сияқты препараттар кірді. Сондай-ақ Инсулин деглудек, Метотрексат, Элтромбопаг, Будесонид және Йопромид бағасы айтарлықтай төмендеді. Өзгерістер бөлшек сауда нарығына да әсер етті. 4 900 дәрі-дәрмектің бағасы қайта қаралды. Қазан-қараша айларында дәріханалардың мониторингі танымал препараттардың құны орта есеппен 12%-ға төмендегенін көрсетті. Мысалы, «Цефапс» препараты 31%-ға, «Зитмак» – 20%-ға, ал «Ревмоксикам» – 32%-ға арзандады", - деді министр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, негізгі отандық өндірушілер жаңа ережелерге бейімделіп, дәрі-дәрмектер желісінің бағасын төмендетіп үлгерген. Үнемделген қаражаттар ең алдымен алғаш рет анықталған пациенттердің қосымша қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жұмсалмақ. 

“Барлығы 66 түрлі дәрі арзандады. Олардың қатарында қымбат онкологиялық препараттар да бар. Елдегі ірі фармкомпаниялар  «Нобель АФФ», «Абди Ибрагим Глобал Фарм», «Химфарм», «Kelun-Kazpharm» және басқалары бұл өзгерістерді қолдап, баға саясатын жаңа талаптарға сәйкестендірді және жеткізілетін дәрілердің түрін көбейтті. Осылайша үнемделген қаржы күрделі және қымбат емдеуді қажет ететін, ауыр диагноз қойылған науқастарды дәрімен қамтамасыз етуге беріледі», - деді министр.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұл бағыттағы жұмыстарды қолдайтынын айтты.

"Бағаны реттеу бағытындағы істеріңізді қолдаймыз. Осы жұмыстарды әрі қарай да жалғастыру керек", -  деді Үкімет басшысы. 
 

Алайда қазіргі тымау жүріп жатқан кезеңде халық сұраныстың өсуіне байланысты баға шарықтап тұрғанын айтады. Кейбір дәрі-дәрмектің тапшылығын пайдаланған делдалдар бағаны өсіріп отыр дейді. Жалпы желіде қазақстандықтар дәрілік заттардың жыл өткен сайын қымбаттап бара жатқанын, бағаның төмендегенін көрмегендерін айтады. Көпшілік министрдің сөзін жоққа шығарып отыр.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz