Мәжілістің бұрынғы депутаты Бекболат Тілеухан журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік кезеңіне қатысты бірқатар естелігімен бөлісті. Ол сол кездегі саяси орта, «Отан» партиясының атауының өзгеруі және бұрынғы президентпен арадағы түсініспеушіліктер туралы айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Экс-депутаттың сөзінше, партия атауына «Нұр» сөзінің қосылуы Назарбаевтың өз бастамасынан емес, оның айналасындағы жағымпаз адамдардың әрекетінен болған. Тілеухан бұл өзгеріске қарсылық танытқанын және оның ұстанымы бұрынғы президентке де жеткенін жеткізді.
«Есті. Назарбаев менің көп нәрсемді кешірді ғой. Сол кезде «Оян, Намыстың» ісінің бәрі біздің жүргізіп жатқан саясатқа қайшы болды. Бірақ неге кешіргенін білмеймін. Арамдық пен мансап үшін емес, шын жүрекпен жасап жүргенімді білді-ау. Кемеңгер адам ғой. Бірақ оның орнында болсам, кешіремін бе, кешірмеймін бе – білмеймін», – деді Бекболат Тілеухан.
Сұхбат барысында ол 2008 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында жасаған әрекетін де еске алды. Тілеухан бұл оқиғаны бүгінде де ұят санайтынын жасырмады.
Оның айтуынша, сол жиында Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тіліне қатысты сөз сөйлеген. Бұрынғы депутат президенттің «орыс тілінің кенжелеп қалғаны» туралы пікіріне наразылығын білдірмек болған.
«Ойбай-ай! Әлі ұяламын… Ұят! Негізі, сол дұрыс болған жоқ деп ойлаймын. Мүлде саясаткер істейтін нәрсе емес. Нұрсұлтан Әбішұлы бір сөз сөйледі қазақ тіліне байланысты. Сол кезде наразылығымды білдірейін дедім де, тұрып, аяғымды тарп-тарп басып, кетіп қалдым. Назарбаев көрді. Соны да кешірді. Негізі, мейірімді адам еді», – деп еске алды ол.
Бекболат Тілеуханның айтуынша, арадағы саяси көзқарас қайшылығына қарамастан, бұрынғы президент оның кейбір әрекеттеріне түсіністікпен қараған.