Министрлік ұстанымы мінсіз емес
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі жақында: «Екі жерде бірдей жұмыс істеу – Еңбек кодексіне қайшы. Жақында заңсыз еңбек етіп жүргендерді тексереміз», – деп мәлімдеді. Бұл пікір қоғамда теріс реакция тудырды. Өйткені бүгінде орташа айлық жалақы халықтың негізгі шығындарын өтеуге жетпейді.
Ресми статистикаға сүйенсек, 2025 жылдың екінші тоқсанындағы орташа айлық жалақы – шамамен 365 мың теңге.
Ал тәуелсіз зерттеулер бір отбасының айлық күнкөріс деңгейі кемінде 600-700 мың теңгеден жоғары екенін көрсетеді. Демек, бір адамның жалғыз жұмыспен отбасын асырауы – өте қиын.
Халықтың көзқарасы қандай?
Журналист Тоқтар Жақаш әлеуметтік желідегі жазбасында қазіргі жүйені «әлеуметтік қорғау емес, әлеуметтік қорлау» деп бағалады. Оның айтуынша, жалақы төмен болғандықтан, халық амалсыздан қосымша жұмыс істеуге мәжбүр.
Оған қоса, жолдағы айыппұл, қымбаттап жатқан коммуналдық қызмет пен азық-түлік бағасы халықтың қалтасын әбден қағып отыр.
«Екі жерде жұмыс істегені үшін айыппұл салмай, ең әуелі орташа жалақыны 700–800 мың теңгеге жеткізіңдер. Сонда ғана қосымша жұмысқа жегілмейміз», – дейді ол.
Сарапшылар не дейді?
Экономистер де бұл пікірмен келіседі. Қаржы сарапшысы Қуат Әбеновтың айтуынша, қазір Қазақстандағы еңбекақы мен күнкөріс деңгейінің арасындағы алшақтық өте үлкен.
– Әр отбасының шығыны – тамақ, коммуналдық төлемдер, балалардың оқуына кететін қаржы, кредиттер. Орташа жалақы бұл шығындарды жаппайды. Сондықтан қосымша жұмыс істеуге мәжбүр болғандар көп. Бұған тыйым салу – әлеуметтік теңсіздікті ушықтырады, – дейді сарапшы.
Қоғамның талабы – жалақыны көтеру
Қарапайым халықтың талабы айқын:
Жалақыны нақты өмірлік шығынға сәйкес көтеру;
Қосымша табыс табуға кедергі жасамау;
Заңнаманы халық мүддесіне сай қайта қарау.
Еңбек кодексіндегі «қосымша жұмысқа шектеу» нормалары қайта талқылануы тиіс. Депутаттар бұл мәселені көтеріп, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететіндей өзгерістер енгізуі қажет.
Қазақстандықтардың басым бөлігі қосымша табыссыз өмір сүре алмайды. Бұл – шынайы жағдай. Халықтың мұндай мәжбүрлігіне түсіністікпен емес, қатаң тексеріспен қарау – қоғамның наразылығын күшейтеді. Әлеуметтік мемлекет құруды мақсат тұтқан ел үшін ең басты міндет – азаматтардың лайықты жалақысын қамтамасыз ету.