Қоғам қайраткері, марқұм ақын әрі диссидент Арон Атабектің қызы Алма Нұтушева әлеуметтік желіде Желтоқсан оқиғасына қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Бұл туралы Kznews.kz тілшісі Democrat.kz-ке сілтеме жасап, хабарлайды.
Алма Нұтушеваның айтуынша, 1989 жылы Мәскеуде Кремльде Мұхтар Шаханов оқыған тарихи баяндаманың шынайы авторы – Арон Атабек. Ол бұл еңбектің әлі күнге дейін лайықты бағаланбай келе жатқанын айтып, қоғамның тарихи әділдік орнатуға қарыздар екенін мәлімдеді.
Алма Нұтушева әкесінің Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың ақталуына тікелей әсер еткен тұлға екенін атап өтті. Оның сөзінше, дәл осы тарихи қадамның арқасында Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар репрессия құрбандары мәртебесіне ие болды.
«Арон Атабектің арқасында адамдар Желтоқсан оқиғасынан кейін репрессия құрбандары деп танылды. Кремльде Мұхтар Шаханов оқыған хаттың авторы – сол кісі. Арон мен оның ағасы Рашид Нүтішевтер бастарын қатерге тігіп, Мәскеуге қауіпті сапар ұйымдастырды. Бұл қадам тарихтың бағытын түбегейлі өзгертті», – деп жазды ол.
Алма Нұтушева қазіргі таңда Желтоқсан қаһармандарының есімдерімен көшелер аталып жатқанын, алайда осы жолда ерекше еңбек сіңірген Арон Атабектің өзі әлі күнге дейін толық ақталмағанын қынжыла айтты.
«Қазір Қайрат Рысқұлбеков сияқты батырлардың атымен көшелер аталады. Ал Арон Атабек ше? Егер ол болмаса, ЕШТЕҢЕ де болмас еді!» – дейді ол.
Сондай-ақ, ол әкесінің 1986 жылы алаңға алғашқылардың бірі болып шыққанын, қаза тапқандарға ас бергенін және Желтоқсан оқиғасына әділ саяси баға беруді бірінші болып талап еткенін еске салды.
Алма Нұтушева Арон Атабектің қызметі тек Желтоқсанмен шектелмегенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғам қайраткерінің күресінің арқасында Алматы қаласының Алатау ауданы құрылып, «Қанды Шаңырақ» оқиғасы кезінде мыңдаған отбасының баспанасы заңдастырылған.
«Егер Арон Атабек болмаса, үйлер жермен-жексен етілер еді. Балалар аш-жалаңаш көше кезіп кетер еді», – деп жазды ол.
Мәлімдеме соңында Алма Нұтушева қоғамға үндеу жасап, Арон Атабектің рухына тағзым етуге, оның еңбегін лайықты бағалауға шақырды.
«Сіздер оның басына ескерткіш орнатуға МІНДЕТТІСІЗДЕР! Бұл – оның алдындағы ең төменгі борыш. Ол – қаһарман. Ертең оның өмірбаяны мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылатын болады», – деп түйіндеді ол.