Мьянмада құлдықта болған Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары құтқарылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Kun.uz мәліметінше, азаматтар интернеттегі «тиімді жұмыс» туралы хабарландыруларға сеніп, Таиландқа барған. Оларға жақсы жағдай уәде етіліп, тіпті ұшақ билеті де төленген. Алайда Таиландқа келген соң оларды алдап, шекара арқылы Мьянмаға алып өтіп, қылмыстық топтарға тапсырған. Зардап шеккендер өздерін алаяқтық колл-орталықтарда жұмыс істеуге мәжбүрлегенін айтқан. Заңсыз тапсырмаларды орындаудан бас тартқандарға қоқан-лоқы көрсетіліп, күш қолданылған.
КОНТЕКСТ
Бұл жағдай азаматтар тобының Бангкоктағы Өзбекстанның Бас консулдығына елге оралуға көмек сұрап жүгінуінен кейін белгілі болды. Тексеру барысында осындай жағдайда Қазақстан мен Қырғызстан азаматтары да ұсталғаны анықталған. Қырғызстанның Таиландта дипломатиялық өкілдігі болмағандықтан, қырғыз тарапының өтінішімен Өзбекстан мен Қазақстан олардың азаматтарын да қайтаруға көмектесті. Мьянма және Таиланд билігімен жүргізілген келіссөздерден кейін адамдар босатылып, Маэ-Сот шекаралық бекетінде өзбек және қазақстандық дипломаттарға тапсырылды. Оларға уақытша баспана мен тамақ беріліп, содан соң дипломатиялық миссиялардың қолдауымен өз елдеріне жөнелтілді.