Халыққа танымал әнші Мақпал Жүнісова қызы Мерейге қатысты ұзақ уақыт бойы іште сақтаған шындығын қалай және не себепті айтқанын бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесінің айтуынша, бұл шешім оған оңайға соқпаған. Ол мұндай маңызды әңгімені айту үшін ұзақ уақыт бойы дайындалғанын жеткізді.
Әншінің сөзінше, марқұм жұбайы Заманбек Нұрқаділов бұл шындықты қыздары 18 жасқа толғанда өзі айтуды жоспарлаған. Алайда өмірдің күтпеген жағдайлары бұл міндеттің Мақпал Жүнісованың өзіне жүктелуіне себеп болған.
Сондай-ақ әнші бұл сырды ұзақ уақыт бойы айта алмай, жүрегінде сақтап келгенін де жасырмады.
"Ол шындықты не үшін айттым? Қыз өсті. Оның үстіне Зәкең көзінің тірісінде "Мерей 18-ге келгенде өзім айтамын" деген. Сол кісінің аузынан шыққан сөз. Қыз 18-ге толды, мен айта алмадым. 19 жасында да айта алмадым. 20-ға жақындағанда айттым. Сол кезде ол жігіттермен кездесуге барады, танысады. Сосын келіп, руларын айта бастайды. Өзін албанмын дейді. Ол – өтірік қой. Арғынның қызы, қаракесек. Сол кезде шындықты айтуға бекіндім. Өз тегін, руын білсін деп ойладым. Ертең күйеуге шыққанда өтіріктен бастай ма деген ойлар да кетті. Зәкең айтамын деген, енді өзім айтуым керек деп шештім. Содан кейін ана жақтағы балалар оған хабарласып мазалай бастады. Сол себепті маған шындықты айту керек болды", – деді әнші Дина Төлепбергенге берген сұқбатында.