Ішкілікке салынған Қапиза Шумаева 9 ай құрсағында көтерген перзенттерін балалар үйіне тапсырмақшы. Алайда Балалар үйі қабылдауға бас тартып, әйел КТК арнасының "Астарлы ақиқат" бағдарламасынан көмек сұрап келіпті.
Сыр айтатын адамы жоқ Қапиза "бөтелкемен сырласуды" әдетке айналдырған. Бөтен біреуге балаларыңызды қиып қайтіп бересіз деген сауалға ол: "Ұлым шаршап кетті шын айтайын, жылап жібереді кейде. Әр бала туған сайын артқа қарай шегінемін де, бүкіл ақша соған шашылып кетеді", - деген жауап берді.
Үйдің үлкені 13 жастағы Борис сабағына бармағанына біраз болған, ол соңынан ерген қарындастарына бас-көз болып отырған жан, 8 жастағы Жасмин әлі мектеп табалдырығын аттамаған, ал 4-ке келген Айлин балабақшаның не екенін білмейді.
"Шаршап кеттім жалғыз өзім балаларды сүйреп. 12 жыл болды қаңғырып жүргеніме. Күнде ішемін. Қыздың әкесіне балаңды берейін, өзің бақ деп ұсынып ем, бас тартты. Баламның әкесіне де ұлды 14-ке дейін бақтым, әрі қарай өзің көтер десем, ол балам өсіп қалыпсың, күніңді өзің көр деді. Мен үшін аборт ол күнә, абортқа қарсы болдым. Сондықтан тудым балаларымды. Балаларын қоқысқа тастағандарды көргенде өз ойым - одан да ту, Балалар үйіне бере сал. Балалар үйінде жай қабылдай алмайды, мен баладан бас тарту туралы арыз жазып, сот өту керек, ұзақ процесс", - деп мұңын шақты жалғызбасты ана.
Әйел кейде үйге басқа еркектерді де әкелгенін жасырмады. Үш баланы үш түрлі еркектен дүниеге әкелген.
"Ішіп алған адам ештеңеден ұялмайды, - дейді ол. - Мен шаршадым, балалар менімен тұрғанша, қарындары тоқ, үш мезгіл тамағын ішетін, уақытылы жуынып, жағдайы бар жерде тұрса екен деймін".
Әйел күніне бір жәшікке дейін ішетінін айтады. Ащысудан ұрттағанда төбелеске құмар, ашушаң болып кететінін жасырмады.
"Ұлыма айтып отырамын, сен де осылай ішіп кетпе, бұл зиян, болмайды деп", - дейді әйел.
"Балалармен сөйлескенде, олардың ештеңеге қарамастан аналарымен болғысы келетінін түсіндім", - деді психолог маман.
Жүргізушінің балаларды қорықпайсыз мемлекет қарауына өткізуге деген сұрағына Қапиза Шумаева: "Балалар кішкентай ғой, үйреніп кетеді" деп бірауыз жауап берді.
"Еркектердің 90 пайызында жауапкершілігі жоқ, түсінгенім. Осы уақытқа дейін мен әйел заты сияқты жаным ашып келді, енді мен де еркектер сияқты ойланатынмын болдым", - деп әйел балаларынан бас тартуының себебін түсіндірді.
Әйел балаларын уақытша өткізбек болған екен. Алайда айтуынша, Балалар үйі уақытша қабылдамайды екен.
Ал бала болса да тағдыр тәлкегімен ерте ержеткен Борис анасының мұндай шешім қабылдауына қатысты "Керек болса барамын, мамамның қалай қиналып жүргенін көремін" деп қысқа жауап берді.
Бағдарлама барысында 13 бала тәрбиелеп отырған Тараз тұрғыны Зульфия Толенова Қапиза Шумаеваның балалрын асырап алуға ниет білдірді. Сүйікті жарынан жалғыз бала дүниеге әкелген әйел 12 бала асырап алған. Балаларды қанатымның астына аламын деп уәде берген әйел олардың анасымен көрісулеріне қарсы болмайтынын айтты. Тіпті анасын да бірге алып кетуге ұсыныс жасады. Алайда Қапиза Шумаева бұл ұсыныстан бас тартып, туған балаларынан бас тарту туралы қолхат жазып берді.
stan.kz