Ресейдің Горки-2 елді мекеніндегі мектепте болған қанды оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. 9-сыныпта оқитын 15 жастағы жасөспірім 4-сынып оқушысын өлтіріп, мектеп күзетшісін жаралаған. Orda.kz қайғылы жағдайдың қалай өрбігенін анықтап көрді.
Ақпаратқа сәйкес, күдікті мектепке пышақ, жартылай әскери жарақ және қолдан жасалған жарылғыш құрылғыға ұқсас зат алып келген. Ғимаратқа кіре сала ол дәретханаға өтіп, шамамен жеті минут болған. Сол жерде пышақты жасыратын кеудеше киіп, басына каска киген. «Коммерсант» басылымының жазуынша, каскада экстремистік символика болған.
Жасөспірім болған оқиғаның барлығын каскасына изолентамен бекітілген бейнекамераға түсіріп, кейін видеоны өз Telegram-арнасында жариялаған.
Дәретханадан шыққан соң ол мектептің бірінші қабатында шамамен сегіз минут бойы математика пәнінің мұғалімін іздеген. Белгілі болғандай, жасөспірімнің аталмыш пән мұғалімімен қарым-қатынасы нашар болған. Сабаққа жиі қатыспауы мен үлгерімінің төмендігі себепті олардың арасында бірнеше рет жанжал туындаған.
Айта кетерлігі, дәлізде кездескен ересектердің ешқайсысы оның каскасы мен камерасына назар аудармаған.
Кейін күдікті дәлізде мұғалім ертіп жүрген 4-сынып оқушыларының тобына тап болады. Ол балаларға жақындап, ұлттарын сұрай бастаған. Мұғалім оқушыларды қорғап, күзетшіні шақырған сәтте жасөспірім күзетшінің бетіне газ шашып, пышақпен жарақаттаған.
Балалардың басым бөлігі мұғаліммен бірге сыныпқа кіріп, есікті іштен құлыптайды. Алайда бір бала қорыққанынан баспалдақ арқылы екінші қабатқа қарай қашып кеткен. Күдікті оны қуып жетіп, бірнеше рет пышақ сұғып алған. Кейін ол қаза тапқан баламен селфи жасағаны белгілі болды.
Тергеу барысында мұғалім баланың қашып кеткенін байқамағанын айтып, болған жағдай үшін өзін кінәлі сезінетінін жеткізді.
Mash мәліметінше, мектептен алғашқы дабыл сағат 9:30-да түскен. Алғаш болып мектеп алдына ата-аналар жиналған. Олар жағдайды мектептегі чаттар арқылы білген. Алайда полиция ғимаратқа ешкімді кіргізбеген. Мұғалімдер бірінші қабаттағы сыныптардың терезелері арқылы кейбір оқушыларды эвакуациялай алған.
Қылмыс жасаған жасөспірім бір бөлмеде жасырынып отырған. Сағат 10:15-те ол берілуге келісіп, құқық қорғау органдары оны сыртқа алып шыққан.
Қазіргі таңда қылмыстық іс «адам өлтіру» және «адам өлтіруге оқталу» баптары бойынша қозғалды. Күдіктіге кешенді психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалады.
Сыныптастарының айтуынша, оқиғаға дейін жасөспірім оларға «Менің ашуым» («Мой гнев») деп аталатын 11 беттен тұратын манифест жолдаған. Алайда олар мәтінді оқымаған. Соңғы уақытта осыған ұқсас жазбалар жиі жариялағандықтан, оған мән бермепті. Жалпы сыныптастары оны тыныш, үлгілі оқушы ретінде сипаттайды, бірақ нацистік тақырыпта жиі әзілдейтінін де айтқан.
Mash басылымы жариялаған тарих пәні мұғалімінің сұхбатында екінші тоқсаннан бастап оқушының сабаққа сирек қатыса бастағаны, үлгерімі күрт төмендегені айтылған.
Қаза тапқан бала небәрі 10 жаста болған. Ол мектепте тазалықшы болып жұмыс істейтін қызметкердің ұлы екені анықталды. Марқұмның егіз сыңары бар, ол да сол сыныпта оқиды. Баласының қаза тапқаны туралы анасы мектеп алдында күтіп тұрған сәтте естіген.