Ресейде түсірілген танымал «Маша және аю» мультсериалы Ұлыбританияда саяси дауға себеп болып отыр. Бұл туралы The Guardian жазды.
Атап айтқанда, ағылшын елінің 50 депутаты Мәдениет министріне арнайы хат жолдап, мультфильмді видеоплатформалардан алып тастауды талап етіпті. Ал дауға Netflix компаниясының аталған мультсериалдың тағы екі маусымын сатып алып, оны әлемнің жүздеген астам елінде көрсету жөніндегі шешімі түрткі болған. Көрсетілім жасайтын платформалардың қатарында британдық ITVX сервисі де бар екен.
Британ депутаттарының пікірінше, балаларға арналған бұл туындыда кеңестік әскери символика мен Ресейдің мемлекеттік идеологиясын жанама түрде насихаттайтын көріністер кездеседі-мыс. Олар әсіресе екі эпизодқа назар аударған. Бірінде Маша танкистің шлемін кисе, екіншісінде НКВД қызметкерлерінің бас киіміне ұқсас қалпақпен бейнеленеді.
Депутаттардың айтуынша, мұндай көріністер балалардың санасында кеңестік әскери атрибуттарды қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға әсер етуі мүмкін екен.