Түркістан театрының актері Шерхан Саматұлы «Қайырлы таң, Қазақстан» эфирінде МузАрт тобына арналған қойылым туралы айтып берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның сөзінше, спектакльде топтың құрылу кезеңі көркем түрде бейнеленген. Сценарий желісі бойынша, топты алғаш Мақсат Базарбаев пен Мейрамбек Беспаев құрып, кейін Сәкен Майғазиев қосылады. Үшеуі бірігіп, гастрольге шығып, танымал бола бастайды.
Алайда қойылымда продюсердің араласуымен топ ішінде келіспеушілік туындап, Мақсатқа жеке кету туралы ой салынатыны көрсетіледі.
«Бір бас продюсер келіп, Мақсаттың ойын бұзады… оны жеке кетуге итермелейді», – дейді актер.
Сондай-ақ спектакльде Мейрамбек Беспаевтің ауырған кезеңі ерекше әсерлі сахналанған. Бұл көрініс балет әртістерінің қатысуымен қойылып, көрерменге эмоциялық әсер беруге бағытталған.
Актердің айтуынша, қойылым шынайы оқиғаларға негізделгенімен, кей тұстары көркемдік мақсатта өзгертілген.