KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

"Мамаға барып қайтайыншы": Каспийде қаза тапқан сарбаздың соңғы өтініші айтылды

• Қайсар Қанат
Фото: gov.kz

Sputnik.kz басылымының жазуынша, марқұм Маңғыстау облысының Шетпе ауылынан болған. Ол әскери борышын аяқтап, 3 қазанда үйіне оралуы тиіс еді. Алайда туған күніне санаулы күн қалғанда қайғылы жағдайға тап болды.

Сарбаздың әпкесінің айтуынша, Әсет оқу-жаттығуға аттанар алдында бір күнге демалысқа жіберілген. Сол кезде ол анасын көріп қайтуға рұқсат сұраған.

"Мамаға барайыншы, көріп қайтайыншы" деп өтінген екен. Сол күні үйге келіп, туыстарымен кездескен. Кейін бұл олардың Әсетті соңғы рет көруі болып шыққан.

Туыстарының сөзінше, сарбаз теңізде оқу-жаттығу өтетіні туралы қайғылы жағдайдан төрт-бес күн бұрын хабарлаған.

Әсеттің жүзуді білмейтіні жақындарын алаңдатқан. Алайда ол туыстарын сабырға шақырып, оқу-жаттығу кезінде теңіздің жағасында ғана болатынын айтқан.

Әпкесі марқұмның адамдармен тез тіл табысатын, көпшіл әрі достары көп азамат болғанын еске алды.

Оның айтуынша, Әсет жасына қарамастан айналасындағы адамдардың бәрімен еркін араласып, көпшілігін "досым" деп атайтын.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →