Ливан мен Израиль арасындағы бітім тағы үш аптаға ұзартылды. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
АҚШ басшысы бұл шешім Ақ үйде Израиль мен Ливанның жоғары деңгейлі өкілдерімен өткен кездесулердің қорытындысы ретінде қабылданғанын мәлімдеді.
– АҚШ Ливанға «Хезболладан» қорғануға көмектесу үшін онымен бірлесе жұмыс істейді, – деп жазды Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде.
Сонымен қатар, ол жақын уақытта АҚШ астанасында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды және Ливан президенті Джозеф Аунды қабылдауды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Еске салсақ, 16 сәуірде Трамп Израиль мен Ливан арасында 10 күндік бітім жасалғанын хабарлаған. Бұған дейін Ақ үйде соңғы 34 жыл ішіндегі екі елдің алғашқы тікелей келіссөздері өткен болатын.
Оған дейін Израиль Ливандағы «Хезболла» тобының нысандарына соққы жасаған. Ал бұл топ Иранды қолдап, Израиль аумағына шабуылдар ұйымдастырып келген.
Алайда жарияланған бітімге қарамастан, аймақтағы жағдай әлі де шиеленісті күйінде қалып отыр. Сәрсенбі күні Ливан Израильді әуе соққысын жасады деп айыптап, оның салдарынан журналист Амаль Халилдің қаза тауып, тағы бір тілшінің жараланғанын мәлімдеді.
Өз кезегінде Израиль бұл әрекеттерін әскери қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндірді.
Айта кетейік, Ливанда атысты тоқтату Иранның АҚШ-пен жүргізіп жатқан келіссөздеріндегі басты талаптардың бірі болған.