АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған атысты тоқтату келісімі енді күшінде емес деп есептейтінін, сондай-ақ ол Иран тарапымен келіссөздер жүргізуді жалғастырғысы келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен бірге Анкарада өтетін альянс саммиті алдында сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен атысты тоқтату туралы келісім енді күшінде емес екенін айтты.
«Мен енді Иранмен байланыс орнатқым келмейді», – деді Трамп.
Журналистер алдында сөйлеген сөзінде Трамп Иран басшылығын да қатаң сынға алды. Ол келіссөздер барысында Иран тарапы адал әрекет етпеді деп айыптады.
«Олар өтірік айтады. Біз келісім жасаймыз. Барлығы келіседі. Ядролық қару болмайды деп уағдаласамыз. Келісімге келеміз. Бірақ кейін олар баспасөзге шығып, біз бұл туралы мүлде сөйлеспегендей мәлімдеме жасайды. Оларда бір мәселе бар», – деді Трамп.
Еске сала кетейік, бұған дейін 7 шілдеде Ормуз бұғазында коммерциялық кемелерге жасалған шабуылдарға жауап ретінде АҚШ әскері Ирандағы бірқатар нысандарға соққы жасағаны хабарланған болатын. АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) америкалық әскерилер Иран аумағындағы 80-нен астам нысанды жойғанын мәлімдеді.