WBO президенті: Әлімханұлы жаңа салмаққа ауысқанда бірден міндетті үміткер атануы мүмкін
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Лениннің мәйітін зерттеген мамандардың өлімі: Кремль құпиясы ма, әлде тарихи аңыз ба?

Лениннің мәйітін зерттеген мамандардың өлімі: Кремль құпиясы ма, әлде тарихи аңыз ба?
Владимир Ильич Ленин. Фото: РИА Новости / С. Коган

Владимир Лениннің мәйітін сақтау жұмыстарына қатысқан адамдардың кейін бірінен соң бірі «жұмбақ жағдайда» қайтыс болғаны туралы әңгіме көптен бері айтылып келеді. Алайда тарихи деректерді салыстырғанда, бұл оқиғалардың бір бөлігі әсіреленгені, ал кей адамдардың Лениннің денесін зерттеуге тікелей қатысы болмағаны байқалады, деп хабарлайды kznews.kz.

Ленин 1924 жылғы 21 қаңтарда қайтыс болды. Алғашында оның денесін жерлеуге дейін уақытша сақтау жоспарланғанымен, кейін Кеңес билігі мәйітті ұзақ мерзімге бальзамдап, Мәскеудегі Қызыл алаңда орналасқан мавзолейге қою туралы шешім қабылдады. Негізгі бальзамдау әдісін анатом Владимир Воробьев пен биохимик Борис Збарский әзірледі. Ал Лениннің миын зерттеуге неміс нейроанатомы Оскар Фогт жетекшілік еткен.

Леонид Красин мәйітті зерттеген бе?

Кеңес дипломаты әрі инженер Леонид Красин Лениннің денесін бальзамдаған дәрігерлердің бірі болмаған. Ол мәйітті ғылымның көмегімен сақтап қалу идеясын қолдап, денені төмен температурада қатыру тәсілін қолдануды ұсынған. Алайда бұл әрекет нәтиже бермеген.

Красин Ленин қайтыс болғаннан кейін екі жылдан соң, 1926 жылғы 24 қарашада Лондонда көз жұмды. Ашық деректерде оның қан ауруынан қайтыс болғаны көрсетіледі. Денесі Лондондағы Golders Green крематорийінде өртеліп, күлі Мәскеуге жеткізіліп, Кремль қабырғасына жерленген. Сондықтан «оның мәйіті елге қайтарылмады» деген тұжырым толық шындыққа сәйкес келмейді.

Красиннің өлімін Лениннің мәйітіне қатысты құпия мәліметтермен байланыстыратын нақты тарихи дәлел жоқ.

Владимир Воробьев операциядан кейін қайтыс болды

Харьковтық анатом Владимир Воробьев Лениннің денесін ұзақ уақыт сақтауға арналған бальзамдау әдісін жасаған негізгі ғалымдардың бірі болды. Ол Борис Збарскиймен бірге 1924 жылы мәйітті сақтау жұмыстарын жүргізді.

Воробьев 1937 жылы Харьковте қайтыс болды. Кейбір өмірбаяндық деректерде оның бүйрек ауруына байланысты ота жасатып, бірнеше күннен кейін көз жұмғаны айтылады. Бірақ оның өлімінің қасақана ұйымдастырылғанын немесе Лениннің мәйітіне байланысты болғанын дәлелдейтін сенімді құжат жарияланбаған.

1937 жыл Кеңес Одағындағы саяси қуғын-сүргіннің күшейген кезеңімен тұспа-тұс келгендіктен, ғалымның өлімі кейін түрлі болжамға арқау болды. Дегенмен уақыт жағынан сәйкес келуі қылмыс жасалғанын өздігінен дәлелдемейді.

Арон Залкинд Лениннің миын зерттеген бе?

Психолог әрі педолог Арон Залкиндтің Лениннің миынан сифилис белгілерін тауып, сол үшін жазаланғаны туралы нұсқа да тараған.

Алайда сенімді ғылыми және өмірбаяндық деректер бұл мәліметті растамайды. Лениннің миын зерттеу жұмысын Оскар Фогт басқарған. Оның жетекшілігімен ми 30 мыңнан астам жұқа кесіндіге бөлініп, Мәскеудегі Ми институтында зерттелді. Бұл жобаға қатысқан негізгі мамандар туралы материалдарда Арон Залкиндтің есімі көрсетілмейді.

Залкинд кеңестік психология мен педология саласында жұмыс істеген. 1931 жылы оның ғылыми көзқарастары қатаң сыналып, бірқатар қызметінен алынған. Ол 1936 жылы Мәскеуде қайтыс болды. Кей деректерде жүрек талмасы айтылғанымен, оның өліміне байланысты мәліметтер өзара сәйкес келе бермейді.

Сондықтан Залкиндтің Лениннің миын зерттегені және құпия диагнозды анықтағаны туралы әңгімені дәлелденген тарихи факт ретінде көрсетуге болмайды.

Лениннің миынан не табылды?

Лениннің миы оның ерекше интеллектуалдық қабілетінің анатомиялық себебін анықтау мақсатында зерттелді. Кеңес билігі осы жұмысқа неміс нейроанатомы Оскар Фогтты шақырған.

Фогт Лениннің ми қабығынан ірі пирамидалық жасушалардың көп екенін айтып, оны «ассоциациялық ойлаудың атлеті» деп сипаттаған. Алайда қазіргі ғылыми тұрғыдан адамның саяси немесе интеллектуалдық қабілетін жекелеген жүйке жасушаларының көлемімен дәл анықтау мүмкін емес. Фогттың қорытындысы сол кезеңнің ғылыми және идеологиялық көзқарастарын бейнелеген болжам ретінде бағаланады.

Автор
Қайсар Қанат

Журналист. Блогер. Фрилансер