KZNEWS.KZ
Қоғам

Қызылордада 5 айлық сәбиі көз жұмған әйел атақты спортшының туысы болып шықты

• Айгерім Асылова
Фото: ашық дереккөз

Қызылордада баласы бар әйелді көлік қағып, салдарынан сәби қайтыс болған оқиғадан кейін марқұмның жақындары мәлімдеме жасады. Зардап шеккендер каратэден әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбайдың туыстары болып шықты, деп хабарлайды kznews.kz

Қазақстандық спортшының айтуынша, зардап шеккен әйел – оның туған ағасының жұбайы, яғни келіні.

«13 қазанда шамамен сағат 17:20-да оны баласымен бірге көлік қағып кетті. Олар Шанхай шағынауданындағы Құлтөкенов көшесінде серуендеп жүрген. Ол жерде дұрыстап жасалған тротуар жоқ. Олар жол жиегімен келе жатқан.

Көлік бұрылып, жүргізуші рөлге ие бола алмай, екеуін жоғары жылдамдықпен қағып кеткен. Бала ауруханада қайтыс болды. Ал келінімнің денесінде көптеген жарақат пен сыну бар. Сол жақ денесі бұғанасы тұсынан өкшесіне дейін зақымданған. Қан құйылу болып, қатты шок алған. Жағдайы өте ауыр.

Біздің білуімізше, жүргізушінің өзі көлік жүргізу құқығынан айырылған, әрі әйелінің көлігін айдап жүрген.

Үшінші тәулік басталды, бірақ полиция әлі күнге дейін бір адамды таба алмай отыр. Ол 26 жаста, жеке басы анықталған. Әйелінің кім екені, ата-анасы және барлық мекенжайлары белгілі. Бейнебақылау камераларының бәрі оқиғаны түсіріп алған. Жүргізуші жазадан құтылып кете ме деп қорқамыз. Әділдікке қол жеткізуге тырысып жатырмыз», – деді Мөлдір Жаңбырбай.

Еске салайық, жол апатының сәті бейнежазбаға түсіп қалған. Жүргізуші кішкентай баласы бар әйелді қағып, оқиға орнынан кетіп қалған. Ауыр жарақат алған әйел жансақтау бөліміне жатқызылған, ал сәби ауруханада қайтыс болған.

Қызылорда облысының полиция департаменті адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы және оқиға орнын тастап кету фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалғанын хабарлады. Жүргізушінің кім екені анықталған, қазір оны ұстау шаралары жүргізіліп жатыр.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →