Қытайлық жанкүйерлер футболшыға наразылық білдіріп, оның жейделері мен суреті бейнеленген жарнамаларды бүлдіре бастаған.
«Реал Мадрид» шабуылшысы Килиан Мбаппенің Қытайдың бұрынғы басшысы Мао Цзэдун туралы қалжыңы әлеуметтік желіде үлкен дау туғызды, деп хабарлайды kznews.kz.
Жанжал Мбаппенің Франциядағы The Bridge ток-шоуына қатысуынан кейін өршіген. Бағдарламада ол өзін күлдірген интернет-мемді көрсеткен. Онда футболшының жүзі Мао Цзэдунның бейнесіне қойылған.
Бұл әзіл футбол әлемінде Мбаппеге қатысты қолданылатын «диктатор» деген бейресми лақап атпен байланысты болған. Алайда Қытайда көрермендердің бір бөлігі мұны тарихи тұлғаны құрметтемеу деп қабылдады.
Наразылық күшейген тұста жанкүйерлер футболшының жейделерін өртеп, жарнамалық плакаттарын жыртқан. Сонымен қатар бірнеше қытайлық брендтің Мбаппемен жасалған келісімшарттарын тоқтатқаны туралы ақпарат тарады.
Осыдан кейін футболшы көпшілік алдында кешірім сұрады.
«Енді бұл әзілдің Қытайдағы және әлемнің түкпір-түкпіріндегі қытай қауымдастықтарының көптеген өкілін ренжіткенін түсіндім. Сөзіме көңілі қалған барша адамнан кешірім сұраймын», – деді Мбаппе.
Ал Испанияның Ла Лига футбол лигасы қытайлық жанкүйерлердің көңіліне тиген жағдайға өкініш білдірді.