Қайғылы оқиға 20 қарашадан 21 қарашаға қараған түні Ош облысының Алай ауданында болған.
Құқық қорғау органдарының алдын ала мәліметінше, 37 жастағы ер адам алкогольдік масаң күйде үйінде жұбайымен жанжалдасқан. Тергеу нұсқасы бойынша, ол жанжал кезінде әйелін тұншықтырған. Полиция күдіктіні көп ұзамай ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қырғызстан Қылмыстық кодексінің 122-бабы ("Адам өлтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалды.
36 жастағы Айгеріммен 22 қарашада Алай ауданының Қызыл-Қорған ауылында қоштасу рәсімі өтті. Әйелдің артында үш ұлы мен бір қызы қалды.
Ош облыстық ішкі істер басқармасының хабарлауынша, бұған дейін бұл отбасынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты полицияға шағым түспеген.
Марқұмның туыстары Turmush басылымына оның 2019 жылдан бері Алай ауданындағы жалпы дәрігерлік практика орталығында еңбек еткенін айтқан. Алғашында оператор болып жұмыс істеген Айгерім кейін кадр бөлімінің инспекторы қызметіне ауысқан. Әріптестері оны өз ісіне жауапты, білікті маман ретінде еске алды. Олардың айтуынша, әйел қызметкерлерге қырғыз және орыс тілдерінде құжат рәсімдеуге көмектесіп жүрген.
Сонымен қатар марқұмның отбасымен бірге жалдамалы пәтерде тұрғаны және ипотекалық бағдарлама арқылы баспана алудың жолдарын қарастырғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта әйелдің өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталады.