Қырғызстанның Қызылқия қаласында 24 жастағы әйелдің өліміне байланысты оның күйеуі ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам қызғаныштан туындаған жанжал кезінде әйелін ұрып-соғып, кейін тұншықтырып өлтірген болуы мүмкін.
Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қайғылы оқиға 31 қазанда болған.
Сол күні сағат 11:20 шамасында Қызылқия қалалық ішкі істер бөліміне ауруханаға Қараван ауылының 2002 жылы туған тұрғыны жеткізілгені туралы хабар түскен. Алайда дәрігерлер әйелдің ауруханаға жеткізілген кезде қайтыс болғанын анықтаған.
Тәртіп сақшылары әйелдің өліміне қатысты тергеу жүргізіп, оның 1995 жылы туған күйеуін күдікті ретінде ұстады. Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, ерлі-зайыптылар арасында қызғаныш салдарынан жанжал шыққан.
Құқық қорғау органдары ер адамды жанжал кезінде жұбайын ұрып-соғып, кейін тұншықтырып өлтірді деген күдікке іліктіріп отыр. Аталған дерек бойынша Қызылқия қалалық ішкі істер бөлімінің тергеу қызметі "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Күдікті адвокатының қатысуымен жауап беріп, кейін уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция мәліметінше, ерлі-зайыптылар 2020 жылы шаңырақ көтерген. Ол кезде әйел 18 жаста болған. Қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде ер адамның әйелін балтамен өлтіргені туралы ақпарат тараған. Алайда Қырғызстанның құқық қорғау органдары бұл мәліметті жоққа шығарды.