Кеңес және Ресей теледидарының белгілі дикторы, тележүргізуші Светлана Жильцова өмірден өтті. РСФСР-дің еңбек сіңірген әртісі 89 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған дерттің салдарынан көз жұмғанын оның ұлы Иван мәлімдеді. Марқұмды 6 ақпан күні Мәскеудегі Рогожское зиратына жерлейді. Бұл туралы Arasha.kz хабарлады.
Светлана Жильцова кеңес телевидениесінің ең жарқын әрі танымал тұлғаларының бірі болды. Ол әйгілі КВН ойынының алғашқы жүргізушілерінің қатарында еңбек етіп, Александр Масляковпен бірге бағдарламаны 1972 жылға дейін алып барды. Осы еңбегі үшін бұқаралық ақпарат құралдарында «КВН-нің анасы» деген атауға ие болды.
Телевидениедегі еңбек жолы күтпеген жағдайдан басталған. Тікелей эфирге аз уақыт қалғанда балаларға арналған спорттық мерекеде жүргізуші ауыстыру қажет болып, Жильцова жедел түрде «Лужники» спорт кешеніне жіберілген. Эфир сәтті өткен соң, оған балалар, жастар және музыкалық бағыттағы бағдарламаларды жүргізу сеніп тапсырылды.
Көрермен қауым оны өз дәуіріндегі ең танымал телехабарлар арқылы жақсы біледі. Ол «Спокойной ночи, малыши», «Будильник», «Песня года», «Веселые нотки» бағдарламаларын, сондай-ақ «Пионер» тележурналын жүргізді. Бұдан бөлек, «Голубой огонек», «Утренняя почта» жобаларына және түрлі музыкалық концерттерге қатысқан.
1993 жылы Светлана Жильцова телеэфирмен қоштасып, кейін Жоғары ұлттық телевидение мектебінде ұстаздық қызмет атқарды. Ол бірнеше буын тележурналист пен тележүргізушінің қалыптасуына үлес қосып, кеңес телевидениесінің тарихында өшпес із қалдырды.