KZNews.kz
Қоғам

Күйеуі сабап, мүгедек болып қалған әйел сотталушының қоныс-колонияға ауыстырылғанына қарсы

Torgyn Abushakhman

Ақмола облысында бұрынғы күйеуінен оңбай таяқ жеп, мүгедек болып қалған семейлік тұрғын аппеляциялық соттың шешіміне наразы. Екі баласының көзінше соққыға жығылған келіншек бұрынғы күйеуімді судьяның қоныс колониясына ауыстырып, жазасын жеңілдеткені ақылға қонымсыз деп отыр, деп хабарлайды kznews.kz  “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алтынай Нұрсолтанованың айтуынша сотталушы күндіз бостандықта жүріп, түрмеге тек түнеуге барады екен. Қауіпсіздігіне алаңдаған әйел кассациялық сотқа шағым түсірмек.

Қатты соққыдан бас және бет сүйегі сынып, миы шайқалған Алтынай қазір үшінші топтағы мүгедек. Басына төрт рет ота жасатқан. Бет сүйегі сынып, түрі адам танымастай өзгерген. Апта сайын қыруар қаражатқа дәрі алатын келіншек аппеляциялық соттың шешімінен кейін өмірі үшін алаңдап отыр.

“Өзгеріссіз қаулы шығарды. Мен өз өміріме және балаларымның өміріне өте қатты уайымдаймын. Өйткені ол кісі біздің қоғамға өте қауіпті. Ол қолымен істегенін мойнымен көтеруге жарамады. Өкініш те білдірмеді. Бұл әділетсіз шешім”, – дейді жәбірленуші.

2023 жылы Әсет Аюпов әйелін кәмелет жасына толмаған екі баласының көзінше тепкінің астына алған. Жанжалға жұбайының үйге кеш келуі себеп. Оңбай таяқ жеген келіншек қансырап жатып анасына хабарласып, жедел жәрдем қызметімен аурухана жеткенін айтады. Сол кезде айыпталушыға денсаулыққа ауыр зиян келтіру бабымен алты жыл сегіз ай жаза кесілген. Бірақ былтыр судья сотталушының жазасын жеңілдетіп, қоныс колониясына ауыстырған екен.

“Алдымен ол мені бірнеше рет тепті. Сосын шашымнан ұстап, бетімнен және басымнан ұра бастады. Шамамен 20–25 рет тоқтамай соққы жасады.. Сол кезде мен “өтінемін, тоқташы, болды” деп айттым. Бірақ содан кейін әрі қарай сөйлей алмадым, себебі жақ сүйегім, бас сүйегім қатты зақымданды, ал мына көзім мүлдем ішке кіріп кетті”, – дейді Алтынай.

Жәбірленуші соттың шешімімен келіспей, аппеляцияға шағым түсірген. Алайда Зеренді аудандық соты шешімді өзгеріссіз қалдырды. Яғни, судья азаматтың абақтыдағы тәртібін, жазасының үштен бір бөлігін өтегенін ескеріпті.

“Сот шешімі сотталғанның жаза мерзімінің үштен бірінен астамын өтеп, тәртіп бұзушылықтарға жол бермегені, оң мінез-құлқымен сипатталғаны және келтірілген залалдың едәуір бөлігін өтегені ескеріле отырып қабылданған. Сот жаза өтеу мекемесінің түрін өзгерту жазадан босатуды білдірмейтінін атап өтті”, – деп мәлімдеді Ақмола облыстық соты.

Бірақ Алтынай Нұрсолтанова бар кінәм аман қалғаным ба деп қынжылады. Айтуынша, бұл зорлық-зомбылықтан балалар да ауыр психологиялық соққы алған. Үлкен ұлы тұтығып сөйлейтін болса, кіші баласының тілі кеш шыққан. Сондықтан ол жоғары сотқа шағым түсіріп, соңына дейін күреспек.

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары