Алматыда жол апатынан қаза тапқан 23 жастағы фельдшер туралы жаңа ақпарат пайда болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Журналист Гүлмира Әбіқай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм Нәсибә Мұхтарқызы туралы тебірентерлік жазба қалдырған.
"Қош бол, Нәсиба! Алматыда тағы да жол апаты, тағы да жедел жәрдем көлігін асыққан жан қирата соқты. Кесірінен, жас фельдшер сол жерде тіл тартпай кетті… Нәсибаның жасы небәрі 23-те еді… 2 апта бұрын қайтыс болған астаналық әріптесі Ұлданамен жасты. Екеуінікі бір қызмет, ортақ міндет. Нәсибаның жолдасы да медик. Өзі басқа жұмысқа ауысуына орай орнына әйелін кіргізді. Қуанышы қойнына сыймаған Нұрқасым Нәсибаның жедел жәрдемге жұмысқа тұрғанын бәріне өзі жеткізген. Алайда, дәл осы жұмыс орнында жұбайын ажал күтіп тұрғанын қайдан білсін?! 4 ай ғана жұмыс істеді… Бүгін де мен сияқты ауырған бір науқасқа асықты-ау… мен шақырған жедел жәрдем жетті. Ал, Нәсиба жетпей қалды. Ол науқас не болды екен? Анамыз түнгі кезекшіліктен келер уақыты болды ғой деп күтіп отырған қос құлыншағын айтсаңызшы! Шиеттей сәбилер анасыз, еркек жарсыз қалды. Нұрқасымның анасы короновируста қайтыс болған, балаларға екеуі бас-көз болып отырған. Енді не болады…қиын жағдай…қаралы күн… Қош бол, Нәсиба Мұхтарқызы! Марқұмның барша жақындарына қайғыра көңіл айтамын, Алла панасына алсын!" – деп жазды ол.
Журналисттің айтуынша, Нәсибә жедел жәрдем қызметіне жақында ғана орналасқан. Жолдасы Нұрқасым басқа жұмысқа ауысқаннан кейін оның орнына әйелін кіргізіп, бұл жаңалыққа қатты қуанған. Бірақ жас отбасы қуанышы қайғыға айналып, төрт ай ғана жұмыс істеген Нәсибә қызмет бабында мерт болды. Артында жас екі баласы мен жары қалды.