KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

"Қуаныш та, қобалжу да бар": Мөлдір Мұқан тың жаңалығын жариялады

• Қайсар Қанат
Мөлдір Мұқан. Видеодан кадр: instagram.com/moldir.mt

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа туындысының дайын болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жолғы әні бұрын орындаған шығармаларынан мазмұны мен мағынасы жағынан ерекшеленеді.

Мөлдір Мұқан жаңа әннің адам өміріндегі қиындықтар мен сынақтарға мойымай, алға ұмтылу туралы екенін айтты.

"Мен қазір толқып тұрмын. Ішімде қобалжу да бар, қуану да бар. Жаңа ғана ән жазып келдім. Бұрынғы әндерге ұқсамайтын, өте бір салмағы бар ән", – деді ол.

Продюсердің сөзінше, адам өмірінде қуанышты сәттермен қатар қиындықтар мен сәтсіздіктер де кездеседі. Алайда қандай жағдай болмасын, үміт үзбей, өмірді жалғастыру маңызды.

"Адам болып өмірге келгеннен кейін мұңаю да болады, қуану да болады, сынақ та болады, сәтсіздік те болады. Сол сәтте өмір тоқтап қалды деп қабылдамай, жігерленіп, қанаттанып, алға қарай баса беру керек", – деп бөлісті Мөлдір Мұқан.

Оның айтуынша, жаңа әнге қазақтың белгілі ақыны Мұхтар Шахановтың өлеңі негіз болған.

Өнер иесі туындыны жазбас бұрын ақынның жұбайымен және отбасы мүшелерімен байланысып, өлеңді пайдалануға рұқсат алғанын жеткізді. Мөлдір Мұқан бұл шығарманың өзі үшін ерекше маңызы бар екенін жасырмады. Ол тыңдармандардың жаңа туындыны жылы қабылдайтынына үміт білдірді.

"Мен үшін де, өзімнің шығармашылығым үшін де бір жаңалық болғалы тұр. Күтіңіздер, достар!" – деді өнер иесі.

Әзірге әннің атауы мен ресми түрде қашан жарық көретіні хабарланған жоқ.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →