Продюсер әрі әнші Мөлдір Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында шығармашылығына қатысты қуанышты жаңалығын бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесінің айтуынша, оған «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы түсіріп жатқан жаңа телехикаяға қатысу туралы ұсыныс түскен. Мөлдір Мұқан бұл шақыртуды қабыл алғанын жеткізді.
«Осы жаздың ерекше жаңалығы – сериалға түсу туралы ұсыныс. Әрине, қабыл алдым! Қай телеарнаға, қандай жанрдағы сериал екенін айтамын. Ең бастысы, көрерменге ұнайтын сериал болатынына сенемін», – деді ол.
Мөлдір Мұқан жаңа жобаның өзі үшін шығармашылық жолындағы ерекше кезең екенін атап өтті. Оның сөзінше, түсірілім тобының сенім білдіріп, рөл ұсынуы үлкен қуаныш сыйлаған.
Телехикаяда өнер иесі Ерлан есімді кейіпкердің жұбайын сомдайды.
Жобада дәрігерлердің еңбегі, медицина қызметкерлерінің күнделікті жұмысы мен олардың қоғамдағы маңызы кеңінен көрсетілмек.
«Ақ халатты абзал жандардың жұмысы үнемі көзге көріне бермейді. Бірақ түрлі сынаққа тап болып, дертпен бетпе-бет келгенде олардың қадірін түсінеміз. Осы тақырыпты кино арқылы халыққа жеткізіп жатқан ұлттық арнаға және түсірілім тобына алғысымды білдіремін», – деді Мөлдір Мұқан.