Жиында Қарулы күштерді жаңғырту, жауынгерлік әзірлікті арттыру, басқару жүйесін жетілдіру және әскери даярлықты күшейту мәселелері талқыланды.
Қазақстанның Қорғаныс министрі генерал-майор Айдос Мырзахметов министрліктің басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Министр әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен моральдық-психологиялық жағдайына ерекше назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар заманауи ұрыс тәжірибесін ескере отырып, дрондар, радиоэлектрондық күрес, барлау және байланыс жүйелерін қолдануға басымдық берілмек.
Басқару үдерістерін цифрландыру, артық есептілік пен әкімшілік рәсімдерді қысқарту да реформаның маңызды бағыттарының бірі болмақ. Босаған ресурстар әскердің жауынгерлік қабілетін арттыруға жұмсалуы тиіс.
Айдос Мырзахметов бюджет қаражатын тиімді пайдалануды, тиімсіз шығындарға жол бермеуді және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді әскери бөлімдердің нақты қажеттілігіне сай ұйымдастыруды тапсырды.
Кеңесте Қорғаныс министрлігінің қызметіне жүргізіліп жатқан кешенді тексеру барысы да қаралды. Басшыларға тексеру комиссиясына қажетті ақпарат пен қолдау көрсетуді тапсырды.