Статистика бюросының мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 32,3 тонна болған. Осылайша, өндіріс көлемі 3,4 есе өсті.
Дегенмен, өндіріс қарқынының жоғары болуы отандық өнімнің нарықтағы үлесі де айтарлықтай артты дегенді білдірмейді екен. Өйткені, есепті кезеңде тазартқыш құралдардың жалпы ресурстары 8,95 мың тоннаны құраған. Оның 8,85 мың тоннасы импорт есебінен қамтамасыз етіледі. Яғни, нарық ресурстарының 98,8 пайызы шетелдік өнімге тиесілі болып отыр.
Жалпы, бұл бағыттағы отандық өндірістің 109,7 тоннаға жетуі оң динамика болғанымен, импорт көлемімен салыстырғанда айырмашылық өте үлкен. Қазіргі көрсеткіштер отандық тазартқыш құралдар нарығында жергілікті өндіріс әзірге бәсекеге қабілетті көлемге жете қоймағанын аңғартады.
Ал ел ішінде тазартқыш құралдар нарығында сұраныс та артып келеді. Осы жылдың тоғыз айында нарық ресурстары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға өсті. Ал ішкі нарықтағы өткізу көлемі 8,95 мың тоннаны құрап, бір жылда 15,8 пайызға артқан. Бұл тұтынудың өсіп келе жатқанын білдіреді.
Бірақ, сұраныстың ұлғаюы отандық өндірушілер үшін әзірге айтарлықтай мүмкіндікке айнала қойған жоқ. Нарықтың кеңеюі негізінен импорттық өнімдерге жол ашып отыр. Яғни, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда импорт 12,3 пайызға өскен.