«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен италиялық Eni S.p.A. компаниясы Жаңаөзенде қуаты 120 МВт газ электр станциясының құрылысын аяқтап, нысанды пайдалануға берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан бұл жоба – күн, газ және жел энергиясын біріктіретін, жалпы қуаты 247 МВт гибридті кешеннің бір бөлігі, деп хабарлайды kznews.kz.
Станцияның ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚР Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ернар Хасенов, Eni S.p.A. компаниясының Орталық Азия өңіріндегі басшысы Сегер Хойтинк, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Еділ Жаңбыршин және мұнай-газ саласының ардагерлері қатысты.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Нұрдәулет Қилыбай жобаның өңір энергетикасы үшін маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысының алдымызға қойған маңызды міндеттерінің бірі – 2029 жылға қарай Қазақстанда энергия көздерінің профицитін қамтамасыз ету. Бүгінгі гибридті электр станциясы – осы міндетті жүзеге асыруға үлес қосатын маңызды жобалардың бірі. Жел, газ және күн энергиясын біріктіретін кешен әлемдегі ірі жобалардың қатарына жатады. Мұндай нысанның іске қосылуы өңірге инвестиция тартумен қатар, жаңа жұмыс орындары мен мүмкіндіктерге жол ашады. Ең бастысы, өңірімізге заманауи технологиялар мен жаңа технологиялық мәдениет келеді. Осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барша азаматқа зор алғысымды білдіремін. «ҚазМұнайГаз» және Eni компанияларының басшылығына да шынайы ризашылығымызды білдіреміз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов жобаның іске асырылу барысы туралы айтып, кешеннің компанияның өндірістік нысандарын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
Жоба аясында үш станция бір энергетикалық кешенге біріктіріледі. Оның құрамына қуаты 50 МВт күн электр станциясы, 120 МВт газ электр станциясы және 77 МВт жел электр станциясы кіреді.
Газ электр станциясы биыл шілдеде өнеркәсіптік көлемде электр энергиясын өндіре бастады. Содан бері станция 26 млн кВт·сағ-тан астам электр энергиясын өндірді. Өндірілген қуатты желіге тұрақты беру үшін қосалқы станция салынып, кернеуі 110 кВ электр беру желісі тартылды.

Кешеннің алғашқы нысаны – қуаты 50 МВт күн электр станциясы. Ол 2025 жылғы қыркүйекте пайдалануға берілді. Содан бері станция шамамен 93 млн кВт·сағ электр энергиясын өндірді.
Қазір кешеннің үшінші нысаны – қуаты 77 МВт жел электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтап, алғашқы жел турбиналарын орнату жоспарланған. Жел станциясын 2027 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр.
Үш станция да толық іске қосылғаннан кейін кешенде 77 тұрақты жұмыс орны ашылады. Кешен толық қуатымен жұмыс істегенде, өндірілетін электр энергиясының шамамен 35 пайызы күн мен жел энергиясының үлесіне тиеді.
Жаңа кешен «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының Маңғыстау облысындағы өндірістік кәсіпорындарын, соның ішінде «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «ҚазГӨЗ» ЖШС-ін тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге арналған.