KZNews.kz
Саясат

Конституциялық комиссия құрамында шетел мамандары жоқ – Президент

Торғын Абушахман
Фото: Ақорда

Конституциялық реформаға байланысты азаматтармен байланыс желілері тиімді жұмыс істеді. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды kznews.kz.
    - Бәріңізге мәлім, Қазақстан өтпелі кезеңге аяқ басты. Біз ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында конституциялық реформаның маңызды тұстары туралы айтқанымды білесіздер. Қоғамда кеше ғана емес, жарты жылдан бері Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жүріп жатыр. Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы Комиссия құрамында шетел мамандары жоқ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл тұрғыда Президент былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз пікірін білдіруге толық мүмкіндік берілгенін еске салды.Сол уақыттан бері eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түсті.

    - Комиссия өтініштің бәрін мұқият қарап, қорытып, тиісті түзетулерді әзірледі. Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді. Мұны айтып өту маңызды. Себебі еліміздегі реформалар бұрын-соңды ешқашан дәл осылай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылықтың назарына ұсынылмаған. Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде цифрлық платформаларды кеңінен қолдандық. Конституциялық реформаға байланысты азаматтармен байланыс желілері тиімді жұмыс істеді. Соның арқасында шын мәнінде жалпыұлттық ауқымдағы талқылау болды десек, дұрыс болар. Бұл – Әділетті Қазақстан құрылысының айқын көрінісі, - деді Мемлекет басшысы.

Торғын Абушахман
Торғын Абушахман – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →