Әлеуметтік картина - 2025: өсім баяу, көңіл қаяу...
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Колумбияда әскери ұшақ апатқа ұшырап, 66 адам қаза тапты

Колумбияда әскери ұшақ апатқа ұшырап, 66 адам қаза тапты
Фото: Бейнежазбадан кескін

Колумбияда әскери-транспорттық Hercules C-130 ұшағы ұшып көтерілу кезінде апатқа ұшырап, кемінде 66 адам қаза тапты. Қазір құтқарушылар аман қалғандарды ауруханаға жеткізіп, әлі табылмаған төрт адамды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.

Колумбия қарулы күштері басшысы Уго Алехандро Лопестің мәліметінше, Lockheed Martin компаниясы шығарған ұшақ бортында барлығы 128 адам болған. Олардың қатарында Әуе күштерінің 11 қызметкері, армияның 115 әскериі және ұлттық полицияның екі өкілі болған.

Соңғы дерекке сай, көз жұмғандар саны бастапқыда айтылған мәліметтен едәуір көп болып шықты. Қазір апат орнында іздестіру-құтқару жұмыстары мен мәйіттерді шығару жалғасып жатыр.

Қорғаныс министрі Педро Санчестің X желісінде жазуынша, қайғылы оқиға Перумен шекараға жақын Пуэрто-Легисамо қаласында болған. Алдын ала болжам бойынша, ұшақ әуеге көтеріле бастаған сәтте ұшу-қону жолағының соңына таман соққыға ұшыраған.

Өрт сөндіруші Эдуардо Сан-Хуан Кальехас Caracol басылымына берген сұхбатында ұшақ биіктеп үлгермей құлдилап бара жатқанда оның қанаты ағашқа тигенін айтқан. Оның сөзінше, артынша ұшақ отқа оранып, борттағы әлдебір жарылғыш заттар жарылған.

Апат болған аумақтың шалғайда орналасуы құтқару жұмысын күрделендірген. Зардап шеккендерге алғаш болып жергілікті тұрғындар көмекке келген. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда жараланған сарбаздарды мотоциклге мінгестіріп, топырақ жолмен алып кетіп бара жатқан сәттер көрінеді.

Кейін оқиға орнына әскери техника жеткенімен, билік өкілдері жолдың қолайсыздығы мен қатынастың қиындығы жұмыстарды баяулатқанын мәлімдеді. Лопестің айтуынша, 57 адам тірі табылып, ауруханаға жеткізілген. Олардың 30-ының жағдайы тұрақты, қазір әскери клиникада ем қабылдап жатыр.

Осы оқиғадан кейін президент Густаво Петро әскери саланы жаңғырту мәселесін қайта көтерді. Ол бұл бағыттағы жоспарлардың кешеуілдеуіне бюрократиялық кедергілер себеп болып отырғанын ашық сынады.

“Мен енді ешқандай кешігуге жол бермеймін. Мәселе — біздің жас азаматтарымыздың өмірі. Егер азаматтық не әскери әкімшілік өкілдері бұл міндетті орындай алмаса, олар қызметтен кетуі керек”, — деп жазды ол X желісінде.

31 мамырға белгіленген президент сайлауына қатысып жатқан бірнеше кандидат та қаза болғандардың отбасына көңіл айтып, апаттың нақты себебін жан-жақты тексеруге шақырды.

Айта кетейік, ақпан айының соңында Боливия Әуе күштеріне қарасты тағы бір Hercules C-130 ұшағы Эль-Альто қаласында апатқа ұшырап, тұрғын үйлерге жақын маңға құлағанын жазған едік. Сол жолы 20-дан астам адам қаза тауып, тағы 30 адам жараланған болатын. Апат орнынан шашылған банкноттар кейін жергілікті тұрғындар мен қауіпсіздік күштері арасында жанжал туғызған.

Автор
Дархан Тоқан

Журналист. Блогер. Фрилансер