Қаржы саясаты мен несие "ноу-хауы": халық кедей, банктер бай...
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Боливияда ұшақ апатынан 22 адам қаза тауып, 18 тонна ақша өртелді

Боливияда ұшақ апатынан 22 адам қаза тауып, 18 тонна ақша өртелді
Фото: Бейнежазбадан кескін

Боливияның кедей аймақтарының бірі саналатын Эль-Альто қаласында ұшақ апатынан кейін жерге шашылған банкноттарды биліктің жинап алып, өртеп жіберуі халықтың ашу-ызасын күшейтті. Ақшаны алмақ болды деп айыпталған жұртты тарату үшін күш құрылымдары көзден жас ағызатын газ қолданған, деп хабарлайды kznews.kz.

2026 жылғы 27 ақпан күні кешке Боливия әскери-әуе күштеріне тиесілі Hercules ұшағы халқы тығыз қоныстанған Эль-Альто қаласына құлап, 22 адам қаза тапты, тағы 30 адам жараланды. Билік мәліметінше, қаза болғандардың арасында төрт бала бар. Ұшақтың бірінші ұшқышы жансақтау бөлімінде жатыр.

Ішкі істер вице-министрі Эрнан Паредестің айтуынша, апаттан кейін көп ұзамай оқиға орнына шамамен 3 мың адам жиналып, жерде жатқан ақшаларды алуға тырысқан. Оның сөзінше, жиналғандар “таяқ пен тас ұстап, аса агрессивті әрекет еткен”. Қауіпсіздік күштері оларға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданып, вандализмге қатысты 49 адамды ұстаған.

Осыдан кейін билік ұшақпен тасымалданған 18 тонна банкнотты өртей бастаған. Ресми түсіндіруге сәйкес, бұл ақша айналымнан шығарылатын ескі купюралардың орнына жеткізіліп бара жатқан. Билік өкілдері бұл банкноттардың заңды күші жоқ екенін, ал оларды иемдену қылмыс болып саналатынын мәлімдеді.

Сенбі күні де шағын топтар наразылықтарын жалғастырды.

Боливия полициясының басшысы Мирко Соколдың айтуынша, әзірге тек тоғыз адамның мәйіті ғана танылған. Өйткені қаза болғандардың көбі қатты күйіп, адам танымастай хәлге түскен.

Паредестің сөзінше, ұшақ маңайдағы екі және төрт қабатты 40 шақты ғимаратқа құлап кетуге шақ қалған. Алайда ұшқыштар соңғы сәтте ұшақты шұғыл бұрып, одан да үлкен қайғылы жағдайдың алдын алған.

“Біз әлі есеңгіреп тұрмыз”, – деді қаза тапқандардың бірінің туысы Сесар Мамани. Ол көз жұмғандар үшін әділдік талап етіп, “Біз үкімет пен қарулы күштердің қауіпсіздікке салғырт қарағанын шын мәнінде жек көреміз”, – деді.

Президент Родриго Пас Эль-Альто мен бүкіл ел үшін бұл “қасіретке толы күн” болғанын айтып, апаттың себептері тергеліп жатқанын жеткізді. Қазір мамандар ұшақтың қара жәшігін іздеп жатыр.

Эль-Альто — Боливиядағы ең кедей әрі ең жылдам өсіп жатқан ірі қалалардың бірі. Ол ХХ ғасырдың соңында жұмыс іздеп Ла-Пасқа ағылған халықтың есебінен қалыптасқан. Сол кезде көптеген адам әлемдегі ең биік астана саналатын қала үстіндегі аймақтарға қоныстанған, бүгінде олардың көбі жұмысқа аспалы жол арқылы қатынайды.

Автор
Дархан Тоқан

Журналист. Блогер. Фрилансер