Еліміз табиғи газ өндіруші мемлекет болғанымен, соңғы жылдары ішкі нарықтағы тұтыну қарқынының артуы газ инфрақұрылымын жаңғырту қажеттігін айқын көрсетті.
Яғни, аймақтардағы жаппай газдандыру, өнеркәсіптің дамуы және электр энергетикасында газдың үлесінің көбеюі ішкі сұранысты жыл сайын өсіріп келеді. Сондықтан Үкімет жаңа газ өңдеу зауыттарын салу мен магистральдық газ құбырларын кеңейтуді стратегиялық басымдық ретінде қарастырып отыр екен.
Тақырыпқа орай, Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2032 жылға қарай ішкі тұтынуға арналған тауарлық газ өндірісі 27,4 млрд текше метрден 35,5 млрд текше метрге дейін өсетінін мәлімдеді. Бұл шамамен 29,6 пайыздық өсім.
Жалпы, өндіріс көлемінің ұлғаюы Қашаған мен Қарашығанақтағы жаңа газ өңдеу зауыттарының іске қосылуымен байланысты болып отыр. 2027 жылы Қашағандағы жылдық қуаты 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыты және Жаңаөзендегі "ҚазГӨЗ" кәсіпорыны жылына 0,9 млрд текше метр өңдейтін жаңа қуаты пайдалануға беріледі. Ал 2030 жылы Қашағандағы 2,5 млрд текше метрлік және Қарашығанақтағы жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін ірі зауыттар іске қосылады деп күтілуде.
Бұл жобалар шикі газды тиімді өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және өңірлерді тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге импортқа тәуелділікті азайтып, жаңа өндірістерді дамытуға жол ашады.
Әрине, көгілдір отын өндірумен қатар оны тасымалдау жүйесін кеңейту де маңызды. Осыған байланысты "Талдықорған – Үшарал" магистральдық газ құбыры пайдалануға берілді. Биыл "Бейнеу – Бозой – Шымкент" газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңі аяқталмақ. Ал 2029 жылы жоба толық іске қосылғанда оның өткізу қабілеті жылына 15 млрд текше метрге дейін ұлғаяды. Бұл оңтүстік өңірлердің өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айтпақшы, бұған дейін Үкімет елді газдандыру деңгейін 2035 жылға қарай 80 пайызға жеткізуді мақсат етіп қойған болатын. Осы жоспар аясында "Есіл – Астана" магистральдық газ құбырының құрылысы да көзделген. Бұл жоба Астана мен елдің солтүстік және орталық өңірлерін табиғи газбен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Дәл осы тақырыпты біз де жазған едік.
Жалпы, елді көгілдір отынмен қамтуға қатысты мәселелер де жоқ емес. Мысалы, сарапшылар газ өндірісін арттырумен қатар ішкі нарықтағы баға саясатына да назар аудару қажет екенін айтады. Соңғы жылдары төмен көтерме бағалар жаңа кен орындарын игеру мен инвестиция тартуға кедергі келтіргені бірнеше рет айтылды. Сондықтан Үкімет газ бағасын кезең-кезеңімен нарықтық деңгейге жақындату арқылы жаңа жобалардың экономикалық тиімділігін арттыруға ниетті.
Қорыта айтқанда, алдағы бес жылда іске асырылатын газ өңдеу зауыттары мен магистральдық газ құбырлары Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп, халық пен өндірісті тұрақты газбен қамтамасыз етуге негіз қалайды. Ең бастысы жоспарланған жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуы мен инвестициялық қарқынның сақталуына мән беру керек болып отыр.