Қазақ киносының классигі, өнер тарланы Асанәлі Әшімов әйгілі "Қыз Жібек" фильмінің түсірілу барысы мен басты кейіпкерлер арасындағы шынайы сезімнің қалай басталғанын еске алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Актердің айтуынша, оқиға 1968 жылы, фильмге дайындық кезеңінде басталған. Ол кезде басты рөлдерді сомдаған Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешева мектепті енді ғана тәмамдап, 16-17 жаста болған.
"1968 жыл. Айтты ғой, мектеп бітірген жоқ әлі. 10 сыныпты бітіріп, 16-дан 17 жасқа шығатын кезі ғой. Біз фильмге дайындықты ипподромда бастадық. Барлығымыз сонда болдық, Ғабит Мүсіреповтің өзі келді. Жап-жас жігітпіз ғой ол кезде, Меруертті алғаш көргенде бәріміз де көз салдық. Сөйтсек, екеуміз қыз алыспайтын бір рудан екенбіз. Сосын біз Әнуар (Әнуар Молдабекова – ред.) екеуміз Құманға (Құман Тастанбеков – ред.) көмектестік қой. Бірақ бастапқыда Меруерт аса ұнатпай жүрді. Сосын жайлап жақындасты, танысты, тілдесті. Ақырында "Қыз Жібектің" бітер кезінде екеуін үйлендіріп, той жасадық. Мен тамада болдым. Өкінішке қарай, қазір "Қыз Жібектен" тек Меруерт екеуміз ғана қалдық", – деді Асанәлі Әшімов.
1970 жылы Қазақфильм студиясында түсірілген "Қыз Жібек" фильмі қазақ кино өнерінің алтын қорына енген туынды саналады. Фильмнің режиссері – Сұлтанахмет Қожықов, сценарийін Ғабит Мүсірепов жазған. Картина қазақтың лиро-эпостық жыры негізінде екі бөлім болып экранға шықты.
Фильмде Төлеген мен Жібектің махаббаты, Бекежанның қызғанышы, ел тағдыры, ерлік пен опасыздық сияқты мәңгілік тақырыптар терең бейнеленген. Музыкалық сүйемелдеуді Нұрғиса Тілендиев жазып, фильмнің көркемдік қуатын арттырды.