Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында төрт адамнан тұратын отбасын өлтіру ісі бойынша сотталушы Сұлтан Сәрсемалиев соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
9 шілдеде сотта тараптардың жарыссөзі басталып, прокурорлар айыпталушыны қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Еске сала кетейік, Сұлтан Сәрсемалиев өзінің қайын атасы Мақсот Қарабалинді, қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны, сондай-ақ олардың ересек балалары Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевті өлтірді деп айыпталып отыр.
Сотта соңғы сөзін айтқан Сәрсемалиев кез келген жазаны, соның ішінде өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеуге дайын екенін айтты. Алайда ол бұл ауыр қылмыс "пайдакүнемдік ниетпен" жасалды деген айыптау тұжырымымен келіспейтінін айтты.
"Жасаған ісімді көтеремін. Ешкімді қараламай, қолыммен істегенімді мойныммен көтердім. Мен жауапкершіліктен қашпаймын, тергеу кезінде жауапкершіліктен қашпаған басым, әділеттілік кезінде жауапкершіліктен қашпайды. Бірақ оларды ақша үшін немесе қылмысты жасыру үшін өлтірдім деп айтуға ешқашан дәтім бармайды", - деді сотталушы Сұлтан Сәрсемалиев.
Фото: Tengrinews.kz
Сәрсемалиевтің айтуынша, қылмыс пайдакүнемдік ниетпен емес, марқұмдармен арадағы жанжалға байланысты жасалған.
"Олар әрбірі қылмысқа итеретіндей сөз айтты, ар-намысымды аяққа таптады. (...) Кез келген жазаға дайынмын. Мен өз істегенімді өзім білемін, өзім жауап беремін. Өмір бойы өтеуге дайынмын", - деді айыпталушы соттағы соңғы сөзінде.