Зерттеу нәтижесінде мұндай жалақы алатын қызметкерлердің үлесі 4,6 пайыз екені анықталған. Олардың ішінде 74 мыңға жуық адам айына 1,5 миллион теңгеден астам табыс табады.
Қазақстанда ай сайын 1 миллион теңгеден астам жалақы алатын қызметкерлердің үлесі 5 пайызға да жетпейді. Ұлттық статистика бюросының зерттеуіне сәйкес, елдегі орташа айлық жалақы 486 мың теңгені құраса, 1,1 миллион теңгеден жоғары табыс табатындар саны 154 мың адам болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Ал қазақстандықтардың басым бөлігі 300–500 мың теңге аралығында жалақы алады. Бұл санатқа шамамен 1,1 миллион қызметкер кіреді. Сонымен қатар зерттеуге қатысқан жұмысшылардың 42 пайызының айлық табысы 300 мың теңгеден төмен.
Жалақы мөлшері жұмыс берушінің түріне қарай да ерекшеленеді. Ең жоғары орташа көрсеткіш шетелдік компанияларда тіркелген. Ондағы қызметкерлер айына орта есеппен 707 мың теңге алады. Ал мемлекеттік құрылымдардағы орташа жалақы шамамен 336 мың теңгені құраған.
Ұлттық статистика бюросы зерттеу барысында жалпы саны 3,4 миллион қызметкердің жалақысына қатысты деректерді талдаған.
Бұл көрсеткіштер елдегі табыс деңгейінің біркелкі емес екенін аңғартады: жоғары жалақы алатындардың үлесі аз болса, қызметкерлердің едәуір бөлігі айына 300 мың теңгеден төмен табысқа күн көреді.