Синоптиктердің маусымдық болжамына сәйкес, алдағы қыста ел аумағының басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болады. Алайда қыс бойы температура күрт құбылып, көктайғақ, тұман және екпінді жел болуы ықтимал, деп хабарлайды kznews.kz Қазгидрометке сілтеме жасап.
«2026-2027 жылдардағы қыс салыстырмалы түрде жылы, атмосфералық жауын-шашын мөлшері орташа болады деп күтіледі. Сонымен қатар елдің солтүстік-батысының, солтүстігінің, солтүстік-шығысының жекелеген аудандарында және Орталық Қазақстанда жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болуы мүмкін. Республика аумағының кей жерлерінде бұрқасын, желдің екпінді соғуы болжанады. Сондай-ақ көктайғақ құбылыстары мен тұман болуы ықтимал», – делінген Қазгидромет болжамында.
Желтоқсанда Қазақстанның барлық өңірінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 2 градус жоғары болады деп болжанып отыр. Жауын-шашын мөлшері негізінен қалыпты деңгейде сақталады. Алайда Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында, Павлодар облысының басым бөлігінде, сондай-ақ Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының кейбір аудандарында жауын-шашын әдеттегіден көп түсуі мүмкін.
Қаңтарда елдің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болады. Ал Батыс Қазақстан облысында, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде және Ақмола облысының солтүстік-батысында температура қалыпты деңгейде сақталады.
Бұл айда жауын-шашын Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында, Атырау облысының батысында және Маңғыстау облысында нормадан көп болуы ықтимал. Ал еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы бірқатар ауданда жауын-шашын аз түседі.
Ақпанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-3 градус жоғары болады деп күтілуде. Солтүстік және шығыс өңірлерде температура қалыпты деңгейге жақын болады.
Қыстың соңғы айында еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болуы мүмкін. Ал батыс өңірлердің көпшілігінде жауын-шашын қалыпты деңгейде сақталады.
Синоптиктер қыс мезгілінде ауа температурасының жиі өзгеруі қар жамылғысының ішінде мұз қабатының пайда болуына әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.